Қазақстанда 24 наурыздан бастап біраз адам ұялы телефонынан айырылуы мүмкін
Заңсыз телефондар қара тізімге кіреді
![Қазақстанда 24 наурыздан бастап біраз адам ұялы телефонынан айырылуы мүмкін](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/12/67ac513dd6825173714506.webp)
Телекоммуникациялар комитетінің сымсыз байланыс жобаларын дамыту және бақылау басқармасының басшысы Диас Төлегенов абоненттік ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу қағидаларына өзгерістер 24 наурызда күшіне енетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«24 наурыздан кейін белгілі бір нөмірлер бұғатталады деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Себебі норма 24 наурыздан кейін Қазақстанға келетін телефондарға қатысты қолданылады. Ал оған дейін сатып алынған телефондар бірден «ақ» тізімге енеді. Бұл өзгерістің басты мақсаты телефонның зауыттан қолданушыға дейінгі жолы ашық әрі заңды болуы. Бұл заңсыз телефондарды енгізуге тыйым салады», - деді Төлегенов.
Ал Мемлекеттік радио жиілік қызмет өкілі Сәуле Темірхан бұл сәйкестендіру бұл заңсыз телефондарды елге әкелуге қарсы күрес аясында енетінін айтты.
«Телефон қолданатын қарапайым азаматтарға бұл норманың әсері жоқ. Ол телефон сатумен айналысатын адамдарға қатысты болмақ. Яғни, импорттаушылар мен өзі үшін сатып алған жеке тұлғалар сәйкестендіруден өтеді. Бұйрық шыққан соң порталға сілтеме салынады. Сонда тіркеліп, телефонның сипаттамасын жазу керек. Телефонды импорт ретінде әкелгендер декларация құжаттарын, жеке тұлғалар шекараны кесіп өту мен телефон алынған елді жазады. Бұл ақпарат GSM жүйесінен тексеріледі. Сондай-ақ ақпарат елдің кеден органдары мен салық, шекара қызметінде тексеріледі. Ол бойынша ақпарат расталса, қондырғы сәйкестендіріледі», - деді Сәуле Темірхан.
Оның айтуынша, қара және сұр тізімге енген телефондардың иелеріне жеңілдік беріледі.
«Олардың тізімі радиожелі жүйесінің базасында сақталады. Егер қондырғы сәйкестендіруден өтсе, ол ақ тізімде болады. Сұр тізім үшін 30 күн уақыт беріледі. Осы уақыт ішінде олар телефондарын тіркесе, ақ тізімге ауысады. Ал қара тізімге GSM жүйесіне енбеген, бұғатталған, ұрланған телефондар кіреді. Сондай-ақ қара тізімге жалған қондырғылар мен талаптарға сәйкес болмаған телефондар да кіреді. Қара тізімдегі телефондар ұялы байланысқа қол жеткізе алмайды. Алайда қара тізімде тұрған телефонды 30 күн өтсе де, оны тіркеп, ақ тізімге өтуге мүмкіндік беріледі», - деді ол.