Азиадада Қытай құрамасындағы қазақ қызы жеңімпаз атанды
Ол конькимен жүгіру спортында үздік атанды
![Азиадада Қытай құрамасындағы қазақ қызы жеңімпаз атанды](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/11/67ab2ca551f7c736743078.jpg)
Этникалық қазақ Ақнәр Адаққызы Харбиндегі Азия ойындарында жеңімпаз атанды. Ол конькимен жүгіру спортындағы әйелдер арасындағы командалық жарыстың финалында Хань Мэй және Ян Биньюймен бірге Қытай командасының құрамында қатысып, қарсыластарынан озып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақнәр Адаққызы 1999 жылы Шыңжаң өлкесі, Хутуби ауданы, Шитизи қазақ автономиялы елді мекенінде туған. Ақнәр 5 жасынан бастап коньки тебеді.
Ақнәр Адаққызы 2014 жылы Шыңжаң қысқы ойындарында қатарынан 5 рет чемпион атанады. Сөйтіп, 15 жасында ресми түрде Шыңжаң құрамасының мүшелігіне өтіп, ұлттық жарысқа қатысу құқығына ие болады. Ал 2016 жылы Қытайдың ұлттық құрамасына алынады.
2019 жылы ұлттық құраманың сапында жүрген Ақнәр ел ішінде және шетелде өткен аламандарда қатарынан 2 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алады. Бұл кезде ол әлі 20-ға да толмаған еді. Ал былтырғы әлем чемпионатында Ақнәр конькимен жүгіруден командалық жарысқа қатысып, Қытайдың қоржынына қола медаль салады. 2022 жылы Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында әйелдер арасындағы 3000 метрге конькимен жүгіру жарысында Ақнәр 4:12.28 уақытымен 17-орынға ие болды.