Көктемгі егіс науқаны: шаруаларға дизель отыны қаншадан сатылады
Соңғы бағаны операторлар белгілейді дейді министр
![Көктемгі егіс науқаны: шаруаларға дизель отыны қаншадан сатылады](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/11/67aaf0a42bdfe052228947.jpeg)
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеткізілетін дизель отыны туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Энергетика және ауыл шаруашылығы министрліктері 2025 жылғы 1 ақпан мен 30 маусым аралығына көктемгі егіс жұмыстарына 401 мың тонна дизель отынын беру кестесін бекіткен.
Министр жуырда АИ-92 және дизель отыны бағасын мемлекеттік реттеу алынып тасталғанын еске салды.
«Энергетика министрлігі ұсынатын дизель отынының қазіргі бағасы жеткізілетін станцияға дейін литріне 232 теңгені құрайды. Түпкілікті бағаны операторлар белгілейді және литріне 254 теңге құрауы мүмкін. Бұл литріне 45 теңгеге арзан немесе АЖҚС бөлшек сауда бағасынан 15% төмен. Жанар-жағармай құю станциясының бағасы көтерілген сайын баға пропорционалды түрде көтеріледі», - деді Сәтқалиев үкімет отырысында.
Ол жанар-жағармай құю станциясы бағасының 15% жеңілдігі өзгеріссіз қалатынын айтты.