Астанада бірінші сұрыптағы ұнның бағасы 289 теңге – Жәутікбаев
Ол редакция тілшісіне осы бағада ұн сататын дүкендерді атады

Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев Астанада бірінші сұрыптағы ұнның бағасы 289 теңге екенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бүгін журналистер Мәжіліс кулуарында Жәутікбаевтан ұн және нан бағасына қатысты бірқатар мәселелерді нақтылады. Сөз соңында журналист шенеуніктен «елдегі ұн бағасын білесіз бе?» деп сұрады.
«Бірінші сұрыптағы ұн Қазақстан бойынша орташа 224 теңге. Әріптестер, мынаны түсініңіздер, мен бұлай дегенде Қазақстандағы орташа бағаны айтып тұрмын. Ал, Астанада нақты неше теңге екенін айта аламын. Жалпы, Қазақстанда бірінші сұрыптағы ұн 168 теңгеден басталыр, 240 теңгеге дейін жетеді», - деді Жәутікбаев.
Астанадағы баға туралы айтқан ол елордада бірінші сұрыптағы ұнның бір келісі 289 теңгеге сатылып жатқанын нық сеніммен айтты.
Кейін Azattyq Rýhy тілшісімен сөйлескен ол бұндай баға әлеуметтік дүкендерде бар дейді.
«Әлеуметтік дүкендерде осындай баға бар. «Small» дүкеніне барсаңыз, Магнумға барсаңыз, бірінші сұрыпты осындай бағада сатып ала аласыз», - деп сендірді ол біздің тілшіні.