Сқақов Медициналық сақтандыру қорынан өз еркімен кеткен
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жуырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы қызметінен кеткен Әбілқайыр Сқақовтың жұмысына «жақсы» деген баға берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәжіліс кулуарында Azattyq Rýhy тілшісі министрден Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында неге басшы тұрақтамайтынын сұрады. Министрдің айтуынша, қор басшысы болған Әбілқайыр Сқақов жұмыстан босату туралы арызды өз еркімен жазған.
«Ол кісінің өз шешімі болған. Сондықтан мен бұл сұраққа байланысты қосымша комментарий бере алмаймын. Ал шын мәнінде сала өте үлкен. Күрделі мәселелер өте көп. Сондықтан алдағы уақытта МӘМС жүйесіне денсаулық сақтау саласын жақсы меңгерген, жақсы білетін, стратегиялық ойы бар мамандар тартылады», - деп жауап берді Әлназарова.
Осы орайда біз одан «Министр ретінде Сқақовтың жұмысына көңіліңіз толды ма?» деп сұрадық.
«МӘМС қорының жұмыс істеп кеткен төрағасының жұмысына байланысты айтар болсақ. Шын мәнінде 2024 жыл оңай болған жоқ. Соған қарамастан төраға тарапынан тиісті қадамдар жасалып, емдеу мекемелеріне 2024 жылғы тиісті кепілдемелерінің барлығы орындалды. Екіншіден, 400 миллионға жуық медициналық қызмет көрсетіледі, бұл қызметтердің барлығын әкімшілендіру оңай емес. МӘМС жүйесінің өзінде сол кісінің бастамашылығымен аналитикалық орталық жасалды. Оны да айтып өту керек. Сондықтан әр басшы қызметке кірісерде өз алдына міндеттер қояды, сол міндеттерін орындап, жақсы жұмыс жасады деп айтуға болады», - деп баға берді Әлназарова.
Бүгін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшылығы жиі ауысатынын айтып сынаған еді. Депутаттың сөзінше, соңғы 7 жылда 7 басшы ауысқан. Бұл қорды тұрақсыздық жағдайға, кадрлардың жиі ауысуына әкеп соғады.
Айта кетері, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Әбілқайыр Сқақов ӘМСҚ басқарма төрағасы қызметіне 2023 жылғы қыркүйекте тағайындалған.
Былтыр тамыз айында МӘМС-ке жауапты болған Әбілқайыр Сқақов қолына 1,4 млн теңге жалақы алатынын мәлімдеген.