«Халықпен ойнамаңыздар!»: ШҚО-дағы мал ұрлығын тыймай отырған ІІМ-ге ескерту жасалды
Депутат полицияның әрекетсіздігін айыптап, мал ұрлығы азайып келеді деп есеп беріп отырған Ішкі істер министрлігін сынады

Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы тұрғындарының ірі қара малын табынымен, жылқысын үйірімен, қойын қорасымен баукеспелер ұрлап жатыр. Шыңғыстай, оған іргелес жатқан Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек секілді елді мекендердің малын емін-еркін қайырып алып кетіп жүрген ұрыларды полиция әлі күнге дейін ұстамаған. Күйінген халық мемлекет басшысынан көмек сұрап отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ауылдағы жұрт осы азын-аулақ малының арқасында күн көріп, жан бағып жүр. Бірақ елдегі бұқара баукеспе ұрылардан әбден зәре-зәп болған. Ақыры президенттен көмек сұрауға мәжбүр болған Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы тұрғындарының әлеуметтік желіге шыққан видеоүндеулерін көрген шығарсыздар?! Маған да ондаған адам хабарласты. Ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасар деп бес күн күттік. Алайда ешқандай реакция жоқ. Катонқарағайға қарасты Шыңғыстайдың шырқын осы ұрылар бұзып бітірді. Алақандай ауыл халқына ұры-қарының қорлығы әбден өткен. Төзімдері таусылып, сенімдері сетінеген ел енді бар үміттерін ел басшылығына артып, яғни президенттен көмек сұрап отыр.
Өйткені қой қоралап, ірі қара табындап, жылқысы үйір-үйірімен жоғалып жатқан соң қайтсін?! Полиция дегеннен әбден күдер үзген. Осы күнге дейін қаншама малы қолды болып, ұрланса да, полиция бірде-бір «тышқақ лақтың» сайдан санын, құмнан ізін таппаған. Бұл нені көрсетеді?! Не іздеуге құлықсыз немесе ұры мен полиция ауыз жаласып, ымыралысып, ынтымақта жұмыс істейді. Ақиқаты осы. Басқаша айту мүмкін емес!» - деді Мақсат Толықбай.
Айтуынша, әуре сарсаңға түскен халық аудандық, облыстық ішкі істер органдарының табалдырығын тоздырып, бастарын тауға да, тасқа да соғып әбден қажыған.
«Сонда да полицияға бәрі бір. Жаны ашымастың, басы ауырмас. Мал ұрлығынан шырқы бұзылып, шыдамдары таусылған жалғыз Шыңғыстай емес. Баукеспелер Шыңғыстайға іргелес жатқан Өрнек, Жаңа үлгі, Аққайнар, Жамбыл, Еңбек секілді елді мекендерде де емен-еркін шайқап, жұрттың дымын қалдырмай, ерік-жігерлерін әбден құм еткен. Ауылдан ауданға арыз арқалап баратын ағайын «полициядан еш қайран жоқ, жоғалған малды ізін суытпай, іздемейді» деп налиды. Қайталап айтамын. Ұры мен полиция бір, сыбайлас па? Әйтпесе, құдай-ау, жыл он екі айда бір ауылдың ғана емес, бүтін бір ауданнан бір жоқ табылар еді ғой... Жоқ, әбден дандайсыған ұрылыр тіпті, айылын жияр емес», - дейді ол.
Депутат мал ұрлығы бойынша заң қанша жерден қатаң болса да, іс жүзінде оның жөнді орындалмай жатқанын айтады.
«Қылмыстық кодекс бойынша бұл орташа ауыр қылмыс. Аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлағандар 7 жылдан 12 жылға дейiнгi сотталады» деп халықты сендіргіміз келеді. Тіпті, мал ұрлығы азайып келеді деп бізді де ішкі істер органдары сендіргілері келеді. Ал іс жүзінде бәрі керісінше», - деді ол.
Мақсат Толықбай ішкі істер министрінен ашынған халық арандап қалмай тұрғанда жедел шаралар қолдануды сұрады.
«Құрметті, ішкі істер министрі және оның елдегі барлық жеке құрамы! Сіздердің назарларыңызға! Қазақ «Мал ашуы – жан ашуы» дейді. Жұрттың жан ашуын қоздырып, жарасына тұз себе бермеңіздер! Ашынған халық барымтаға қарымта қайтарамыз десе, оны мына біз түгілі сіз және сіз басқарып отырған министрліктің жеке құрамы тоқтата алмайтыныңызды тағы да есіңізге салғым келеді. Халықпен ойнамаңыздар! Ойланыңыздар! Қайта жоғарыда аты аталған ауылдардың мәселесін жіті қадағалап, Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданында арнайы рейд жүргізіп, мал ұрлығының алдын алу мен ұрыларды ұстау бойынша кешенді шараларды қолға алуды сұраймын», - деді депутат.