Маман мұны өзін-өзі алдауға балады
Google корпорациясының Қазақстандағы агенті, IT Product & Project-менеджер Нұржол Табиғат чат-GPT адамның орнын алмастыра ала ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір чат-GPT-ге сеніп алатын адам көбейді. Осы орайда маманнан «бұл адамдардың ойлау қабілетін төмендетіп, жалқаулыққа бейім етпей ме?» деген сауал қойдық.
«Бұл жерде адамның өзін-өзі алдауына байланысты болып отыр. Ол чат-GPT болмаса да, біреуге есебін шығартып, жұмысын жаздырып алады. Бұл жердегі басты мәселе дұрыс тәрбие мен мақсат қоюда болып отыр. Себебі саналы адам өзін-өзі алдамауы керек. Дайын дүниені қолданып, кейін оның жазу не шығару жолын білмесе, ертең сол проблема бәрібір алдынан шығады. Ал чат-GPT-ді «шпаргалка» етіп қолданушылар біреуді емес, өздерін алдап соқты деген сөз», - дейді ол.
Маманның айтуынша, кезінде калькулятор шыққанда да көпшілік күмәнданып, ойлау қабілетін баяулатады деп ойлаған.
«Алайда ол уақытты тиімді үнемдейтінін көрсетті. Аса маңызы жоқ, бірақ көп уақыт алатын жұмысты атқара алды. Яғни, міндетін орындады», - дейді Нұржол Табиғат.
Сондай-ақ чат-GPT-ге адамдар жеке мәселесін жазып, кеңес сұрайтындар бар. Осы орайда ол психологті алмастыра ала ма деген сұрақ туындайды.
«Чат-GPT қанша дегенмен робот. Ол адамның жанын түсіне алмайды. Әрине, сұрақтарға жауапты тек базалық ақпарат бойынша беруі мүмкін. Алайда ол психологті алмастыра алады дегенмен келіспейміз. Бірақ психолог сияқты кәсіби түрде адамның жанын емдей алмайды. Чат-GPT базалық деңгейде түсінік қалыптастыратын жақсы құрал. Бірақ ауқымды әрі күрделі дүниеге келгенде кәсіби маманға жүгінген дұрыс», - дейді Нұржол Табиғат.
Еске салсақ, Нұржол Табиғат осыған дейін редакциямызға әлеметік желіде байлығын мақтан ететіндерді алдауға чат-GPT қалай көмектесетінін айтқан еді.