Чат-GPT және алаяқтар: google-дің қазақ агенті интернетте байлығын мақтан ететіндерге ескерту жасады
Ол жеке ақпаратты алдап-соққандарға дайындап беруі мүмкін
Google корпорациясының Қазақстандағы агенті, IT Product & Project-менеджер Нұржол Табиғат жасанды интеллекті адамдарды алдап-арбауға қалай көмектесетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Адамдарды банк платформалары, электронды үкімет арқылы алдап кететін алаяқтықтың түрлері бұрыннан етек жайған дейді ол.
«Технологиясы аздап өзгерсе де, түп тамыры сондай. Жасанды интеллекті шықпай тұрып та алаяқтар банк қызметкерлері атынан хабарласып, халықты алдап соғатын. Қазір жасанды интеллектінің мүмкіндігі арта түсті. Мысалы, адамның дауысын айнытпай салып, графика бойынша бет-әлпетін жасайды. Түрлі сараптама жасап беретіндей дами түсті. Ал банк, мемлекеттік мекеме, туыс, достардың атынан хабарласу сынды тәсілдер бұрыннан бар», - дейді Нұржол Табиғат.
Маманның айтуынша, адамдар алаяқтардың арбауына түспеу үшін сыни ойлау жүйесін қосу керк.
«Ең бірінші мәселе - ол жеке мәліметтеріңізді интернетке салмаңыздар. Өзіңіз туралы ақпаратты бүге-шүгесіне дейін интернетке жазу да күмәнді, себебі оны алаяқтар өз мақсатында пайдаланып кетуі мүмкін. Екінші мәселе – сыни ойлау жүйесін іске қосу. Мәселен, мемлекеттік мекеменің атынан хабарласса, шешім шығармай тұрып, сол мекемеге ресми байланысқа шығу керек. Банктен хабарластық десе де, осылай әрекет жасау қажет», - дейді Нұржол Табиғат.
IT маманның айтуынша, чат-GPT де алаяқтардың құралына айналуы мүмкін.
«Жасанды интеллектінің жұсмыс істеу принципі ақпарат жинауға негізделген. Алдын ала ақпарат жинап, оны өңдейді. Осылайша, ол жасанды интеллекті жасаған адамға не алаяқтарға қажетті ақпаратты ұсынуы мүмкін. Сондықтан жасанды интеллектінің ақпарат жинауына жол бермеу керек. Жеке ақпаратты барынша қорғап, таратуға келгенде сақтық таныту керек», - дейді Нұржол Табиғат.
Айта кететін жайт, Нұржол Табиғат отандық ақпарат технологиялар саласында ең ірі деп саналатын онлайн білім беру компанияларында қызмет еткен. Ол жоба менеджері, продакт менеджер және операциялық менеджер болған. 2018 жылы «Google Британияның» бизнесті кеңейту және жүйелеу бойынша акселерациясынан өткен. Қазір еліміздегі компанияларға кеңес береді.