Депутаттар Шымкенттегі теміржол өткелінің құрылысымен танысты
Құрылыс 2024 жылдың қарашасында басталған
Мәжіліс депутаттары, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Болатбек Нәжметдинұлы мен Данабек Исабеков Шымкент қаласындағы Момынов көшесінің бойында салынып жатқан теміржол өткелінің құрылысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жоба аясында теміржолдың үстінен төрт жолақты аспалы көпір салынып, ол жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жабдықталады. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарықшамдар орнатылады. Құрылыс 2024 жылдың қарашасында басталған. Қазіргі таңда нысанның құрылыс белдеуіне түсетін бірнеше жеке меншік жер телімін мемлекет қажеттігіне алу мәселелері қарастырылып жатыр, ал қалған жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіледі.
Нысанды аралап көрген депутаттар құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақытында орындалуын қадағалау қажеттігін ерекше атап өтті.
«Мегаполистегі халық санының артуынан көлік кептелісінің жиілей түсетіні белгілі. Ал осындай аспалы көпірлер мен жолайрықтар халықтың жүріп-тұруын жеңілдетіп, қауіпсіздік деңгейін арттырады. Мұндай ауқымды нысанды жобалағанда жергілікті халықтың ұсыныстары мен пікірлерін ескеру керек. Ең бастысы салаға жауапты азаматтарды құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізілуін қадағалауды мықтап қолға алуға шақырамын», – деді Болатбек Нажметдинұлы.
Шымкентте Тіленшин көшесінің бойында тағы бір аспалы көпір салынып жатыр. Екі нысанды да 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаларды жүзеге асыру қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға, көлік қызметінің тиімділігін арттыруға, көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Еске сала кетейік, 5 қаңтарда Мәжіліс депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары басталды. Депутаттар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Сонымен қатар олар сайлаушыларға қабылданған заңнамалық өзгерістер туралы ақпарат беріп, мәселелерін тыңдайды. Өңірлерде сайлаушылар көтерген ең өзекті мәселелерді шешу Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде Үкіметпен бірлесіп қаралатын болады.