Жас қыздар ақша бопсалайды: заңгер Қазақстанда некесіз төсек қатынасы үшін келісімшарт жасауды ұсынды (ВИДЕО)
Кәмелетке толмағандар өздерінің жасын жасырып қалады
Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков жыныстық қатынасқа түсерде келісімшарт жасауды ұсынды. Себебі кәмелетке толмаған көп жас қыз жыныстық қатынасқа түсерде өтірік алдайды екен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жыныстық қатынасқа түсу үшін де келісімшарттың болғаны абзал. Біз ешкімді жыныстық қатынасқа, зинаға насихаттамаймыз. Бірақ елімізде болып жатқан кейбір қайғылы оқиғалардың бәрінің видео арқылы алдын алсақ дейміз. Әлеуметтік желіде сізбен «18-ге толғанмын, 19-дамын» деген жас қыздар төсек қатынасынан кейін сіздің үстіңізден арыз жазуы мүмкін. Сөйтсек, оның жасы не 15-те, яғни 16-ға толмаған болуы мүмкін», - дейді Орынбеков.
Заңгердің айтуынша, мұндай әрекет үшін жауапкершілік көзделген.
«Бізде қылмыстық кодекстің 120-бабы зорлауға қатысты жаза болса, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық бабы 122 бапта қарастырылған. Ал 16 жасқа толмаған қыздың жасын біле отыра жыныстық қатынасқа түссеңіз, көп жылға бас бостандығыңыздан айырыласыз. Қазір 15 жастағылар да бір-бірімен жыныстық қатынасқа түсіп, ата-анасының рұқсатымен 16 жасында некеге тұрып, қыз бала бала көтеретін жағдайлар болады. Бұл жерде де емханада баланың қашан пайда болғаны тексеріледі. Егер ол 15 жаста жүкті болса, оған да жауапкершілік көзделеді. Сондықтан абай болыңыздар, некесіз ешкіммен жыныстық қатынасқа түспеңіз», - дейді ол.
Нұрсұлтан Орынбеков заңгер ретінде одан студент жігіттер көп көмек сұрайтынын айтты.
«Ойнаймын деп от басып, 15 жылға сотталғалы жатқан жас жігіттер, әсіресе студенттер күнде хабарласады. Білмей қалдым дейді, бірақ, білмеу жауапкершіліктен құтқармайды. Әсіресе, өрімдей жас қыздар ақша бопсалау үшін әдейі осындай қадамдарға барады. Ақша үшін адамның тағдырымен ойнауға болмайды. Нәпсіге құл болғандар некесіз 10 минуттық ләззат үшін ең кемі 10 жыл арқалап жатыр», - деді ол.