Солтүстік Қазақстанда сәбилер неден шетінеп жатыр - бес жасқа толмаған 43 баланың өлімі тіркелген
Облыстың денсаулық сақтау басқармасы 1-5 жастағы сәбилердің өлім-жітіміне қатысты ресми статистика ұсынды
Azattyq Rýhy Қазақстанның аймақ-аймағындағы сәбилердің өлім-жітімі туралы статистиканы білу үшін өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларына ресми сауал жолдаған болатын. Алғашқы жауап Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасынан келіп отыр. Ресми жауапқа сүйенсек, былтыр он айда Солтүстік Қазақстанда бес жасқа толмаған 43 бала көз жұмған.
Бір жасқа толмаған 32 сәби неден шетінеді?
Айтып өткеніміздей, 2024 жылғы 10 айда СҚО-да бес жасқа толмаған 43 бала көз жұмған. Оның ішінде, жасы бірге толмаған 32 сәби бар. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы былтыр он айда бір жасқа толмай шетінеген балалардың саны бұдан көп - 40 еді дейді.
2024 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша нәрестелердің өлім-жітімінде перинаталдық кезеңде туындайтын ауру көп болған. Яғни, 19 сәби осы диагноздан шетінеген.
«Тыныс алу ауруларынан 3 сәби шетінеген. Бауыр ауруы мен ісіктерден қайтыс болған балалардың саны көбейді. Бір жастан асқан, бірақ әлі беске толмаған 11 бала көз жұмды», - деп хабарлайды облыстың денсаулық сақтау басқармасы.
2024 жылғы 10 айдағы 1-ден 5 жасқа дейінгі балалардың қайтыс болуының ең көп себебі:
- Жарақат, улану мен кейбір сыртқы себептердің салдары - 6 бала;
- Жүйке жүйесінің аурулары - 3 бала;
- Кейбір инфекциялық және паразитарлық аурулар - 1 бала;
- Ісіктер - 1 бала.
Редакция өзге өңірлерден келген ресми жауаптарды рет-ретімен жариялап отырады.