$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.05.2020, 17:08
Қоғам

«Қызылжар» орталық мешіті Петропавлдағы 15 балалы отбасыға көмектесті

Көмек берілген жандардың тізімінде материалдық жағдайы төмен өзге де отбасылар бар

«Қызылжар» орталық мешіті Петропавлдағы 15 балалы отбасыға көмектесті

Петропавл қаласындағы «Қызылжар» орталық мешіті «Рамазан сыйы» атты қайырымдылық акциясы аясында мұқтаж жандарға көмек көрсетуде. Берекелі айда 400 отбасы азық-түлік қоржынымен қамтамасыз етілді. Олардың қатарында 15 балалы Павел мен Татьяна Култышевтар да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мешіт өкілдері өңірдегі көпбалалы отбасы Култышевтардың шаңырағында болды. Қазіргі таңда ерлі-зайыптылар Павел мен Татьяна он алтыншы перзентінің дүниеге келуін күтіп жүр. Олар 18 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Татьяна алғашқы сәбиін 20 жасында дүниеге әкелген. Қазір ол бала күтімімен үйде отыр. Ал Павел шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Ерлі-зайыптылар балаларының күнделікті шаруаның барлығында қолғабыс ететінін мақтанышпен айтады. Үйдің тұңғышы 17 жаста болса, ең кішісі бірден асқан. Әзірге көпбалалы отбасы 8 ұл мен 7 қыз тәрбиелеп отыр. Биылғы оқу жылын 11 оқушы аяқтайды. Отағасы Рамазан айында көрсетілген көмекке ризашылық білдіріп, меймандарға алғысын жаудырды.

«Қызылжар» орталық мешітінің баспасөз қызметінің мамандары жалпы мұндай қайырымдылық шаралары тек Ораза айында ғана емес, өзге уақытта да көрсетілетінін атап өтті.   

«Қауіпті індетке байланысты қасиетті Рамазан айында мешіттер жабық болды. Сондықтан ораза тұтқан жандарға ауызашар берілмеді. Бұл орайда, кейбір адамдар қайырымдылық жасау үшін қаржы бөлді. Біз оны мұқтаж жандарға таратудамыз.  Олардың арасында өз еркімен бізден көмек сұраған адамдар да бар», – деді аталған мешіттің наиб-имамы Тойбазар Айтуған.

Қайырымдылық акциясы аясында көмек берілген жандардың тізімінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетімдер, материалдық жағдайы төмен және көпбалалы отбасылар бар. «Қызылжар» орталық мешітінің өкілдері қоржында қант, макарон, жарма, ұн, май, құрма мен тағы басқа азық-түліктер жинақталғанын айтты.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары