$ 527.23  544.05  5.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.01.2025, 22:43
Қоғам

«Закладчиктердің» жазасы жеңілдей ме: есірткіге қарсы жаңа заңның қандай артықшылығы бар

Осыдан 10-15 жыл бұрын бізде жылына бірнеше кг ғана метамфетамин тәркіленсе, бүгінде жылына тонналап табылып жатыр

«Закладчиктердің» жазасы жеңілдей ме: есірткіге қарсы жаңа заңның қандай артықшылығы бар
Фото: istockphoto.com

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған есірткінің заңсыз айналымына қарсы күреске бағытталған заңнамадағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Агенттік тілшісіне берген пікірінде депутат жаңа заң мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында есірткі өндіру мен сатуға қатысты жазаны күшейту бойынша айтқан тапсырмасын орындауға бағытталғанын түсіндірді.

Айдос Сарым өз сөзінде жаңа заңнамада есірткі бизнесін «қорғаумен» айналысатындардың жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылғанын айта келе, мұндай әрекеттер барынша қатаң түрде жазаланатынын қозғап өтті.

«Бізде екі маңызды жаңалық бар. Біріншісі есірткіні өндірумен және таратумен айналысатын адамдарға қатысты болмақ. Қазіргі уақытта маңызды мәселелердің бірі - өнеркәсіптік ауқымға ие болған метамфетаминді өндіру. Осыдан 10-15 жыл бұрын бізде жылына бірнеше кг ғана метамфетамин тәркіленсе, бүгінде жылына тонналап табылып жатыр. Сондықтан қазір оны өнеркәсіптік деңгейде ұйымдастырғандар да, оны «қорғағандар» да өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Яғни, полиция қызметкерлері немесе күш құрылымдары есірткі бизнесіне қандай да бір қатысы бар болса, олар кінәсінің дәрежесіне қарай өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - деді мәжілісмен.

Айдос Сарымның айтуынша, екінші жағынан, заңды либералдандырудың бір түрі байқалды. Енді алғаш рет қылмыс жасаған «закладчиктердің» мүлкі тәркіленіп, оларға 5-8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ал бұрын бұл мерзім 5-10 жыл аралығын құрайтын.

Депутат есірткі жасырып кетушілер көбіне жасөспірімдер мен жастар екенін тілге тиек ете отырып, олардың есірткі өндіруге қатыспай, заңсыз сауданы ұйымдастырушылардың құрбаны болып жатқанын ерекше айтып өтті.

«Шыны керек, біз қиын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Жастар оңай жолмен ақша табуға ұмтылып, түрлі Telegram арналардың ықпалына түсіп, онда не істейтінін толықтай білместен бірден жұмысқа кіріседі. Егер жас жігіт алғаш рет есірткі тарату барысында ұсталса, оны жаза күтіп тұрғаны белгілі. Дегенмен, бұл орташа ауырлықтағы жаза болады. Мұны бәріміз түсінуіміз керек және қоғамда осыған қатысты иллюзия болмауы керек. Әсіресе метамфетамин сияқты заманауи есірткілер «түнекке» ғана алып барады. Есірткінің бұл түрін өндіріп, тарататындар адамдарды өлтіріп жатқанын түсінуі керек. Бірден емес, бірақ бұл есірткі адамды ақырындап өлтіреді», - деп қозғап өтті депутат.

Жаңартылған заң қаншалықты тиімді болатыны жайлы ой қозғай отырып, мәжілісмен көп нәрсе қоғамның өзіне байланысты екенін атап өтті. Оның пікірінше, қазақстандықтар белсенділік танытып, бұл мәселеде шет қалмай, тез әрекет ету керек.

«Егер біз қандай да бір істің болып жатқанын көрсек әрі бұл мәселені белсенді түрде қолға алсақ және жыл сайын жүздеген адамның қауіп төндіретін үлкен ұлттық мәселе келе жатқанын түсінсек, онда біз бұл қасіретті жеңе аламыз. Бұл сондай бір үлкен қайғы, кез келген сәтте алдымызға кесе-көлденең тұруы мүмкін. Байсың ба, кедейсің бе, жақсы оқисың ба, нашар оқисың ба, ол маңызды емес, егер қармағына ілінсе, одан шыға алмай қалады. Осыны түсініп, бәріміз бірге күресуіміз керек», – деп түсіндірді «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Айдос Сарым.

Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі өндіруге қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін заңға қол қойғаны хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары