Митинг туралы сыбыспен байланысы бар ма? Қазақстанда Тәуелсіздік күні интернет неліктен баяулап қалды
Министр жаңа жылда мұндай проблема болмайды деп сендірді
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні интернет неліктен әлсіз болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен мереке күндері қазақстандықтар интернеттің жылдамдығы баяулап қалғанына шағымданған еді. Әлеуметтік желіде мұны митинг өтеді деген сыбыспен байланыстырғандар да болды. Алайда цифрлық даму министрі «менде митингпен байланысты деген ақпарат жоқ» деп мәлімдеді.
«Біздің елде деректер базасы өте көп, олар өзара интеграцияланған. Осы технологиялардың артында өте үлкен процестер тұр. Ақау кез келген ұйымда, банкте, мемлекеттік органда, елде болуы мүмкін. Оған тез арада ден қоятын мамандар бар. Біз жедел әрекет етіп, бұл мәселелерді шештік. Адамдар бір ақаудың кесірінен үш-төрт күн интернетсіз отырды деген проблема болған жоқ», - деді Мәдиев цифрлық Үкіметтің кеңсесінде өткен брифингте.
Министр алдағы жаңа жыл мерекесінде интернетпен мұндай проблемалар болмайтынын айтты.