Атырау облысының әкімі 900-ден астам адам коронавирус жұқтырған Теңіз кенішінде шұғыл жиын өткізді
Аймақ басшысы жағдай әлі күрделі екенін айтты
Кеше Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов коронавирус жайлаған Теңіз кенішіне барып, шұғыл жиын өткізді. Бұл туралы Атырау облысының коммуникациялар қызметі хабарлады.
«Атырау облысында жағдай тұрақтанғанымен, Теңіз кенішіндегі ахуал әлі де алаңдатады. Қазір «Теңіз» кенішінде орналасқан 25 жатақханада тұратын 42 мекеменің 709 жұмысшысынан COVID-19 инфекциясы анықталды. 20 мамырдағы мәлімет бойынша, 615 науқастың 594-і госпитализацияланған. Жағдай әлі де күрделі», - деді аймақ басшысы.
Шұғыл жиында облыс әкімдігі тарапынан құрылған арнайы штабтың атқарушы басшысы Аслан Бекжанов, Жылыой аудандық бас санитарлық дәрігері Талғат Хабибуллин, Денсаулық сақтау министрлігі комитет төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов, «Теңізшевройл» ЖШС өндіріс операциялары бойынша менеджері Гарри Энк қалыптасқан жағдай туралы баяндама жасады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз қалашығындағы облыстық штаб филиалы мен «Теңізшевройл» компаниясына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, карантинге жабылған вахталық қалашықтарға қатаң бақылау жасау, санитарлық-дезинфекциялық режимді бақылау, түсіндірме жұмыстарын барынша арттыру, провизорлық стационарды медициналық мамандармен қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясына мердігер мекемелермен бірлесе отырып жұмыс мерзімі біткен қызметкерлерді Теңіз кенішінен келісілген талаптарды қатаң сақтай отырып шығару жоспарларын әзірлеуді жүктеді.
Еске сала кетейік, кеше Теңіз кенішінде 935 адамның коронавирус жұқтырғаны айтылды.