$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.05.2020, 11:44
Қоғам

Ақмолалық кәсіпкер жылыжайда қияр мен қызанақ және құлпынай өсіріп отыр (ФОТО)

Өңірде агроном, инженер секілді мамандар тапшы

Ақмолалық кәсіпкер жылыжайда қияр мен қызанақ және құлпынай өсіріп отыр (ФОТО)

Аршалы ауданының тұрғыны Рифкат Абдульманов 2 гектар жерге жылыжай соғып, жыл он екі ай экологиялық таза өнім алып отыр. Шығынды азайтып, өнімділікті арттыру үшін ол жасыл технологияларды пайдалана бастаған.

Azattyq Ruhy тілшісі аталған жылыжай кешенінде болып, ауылды жерде жаңа технологияларды қалай қолданып жатқанын көріп қайтты.

Осыдан төрт жыл бұрын әкімдіктен 3 гектар жерді жалға алған Рифкат Абдульманов жылыжай бизнесімен айналысуды жөн деп тапқан. Бір жыл көлемінде жер алудың әлегімен жүрген кәсіпкер алдымен Ижевск селосындағы өз үйінің айналасындағы алақандай аумақта 600 шаршы метрге жылыжай салған. Ал, 2019 жылы жер мәселесі де шешімін тауып, Есіл өзенінің жағасынан 1200 шаршы метр аумаққа тағы бір жылыжай кешенінің құрылысын бастады.

Бұл мақсатқа «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы Аршалы ауданы несие серіктестігінен 10 миллион теңге сомасында несие алған кәсіпкер қалған отыз миллион теңгені өзі тауып, шаруасын одан әрі жолға қояды.

Жылыжайдың басты ерекшелігі – кәсіпкер экологияға зиян келтірмейтін технологияларды барынша қолдануға тырысқан. Құрылысы былтыр мамыр айында басталған жылыжай қыркүйекте толықтай аяқталған. «Жаңартылатын энергия көздері» бағдарламасымен Оңтүстік Кореядан 25 миллион теңгеге күн қызуынан қуат алатын аккумуляторлы панельдер мен LED шамдары сатып алынған.

Жылыжай автономды энергиямен 15 пайызға дейін қамтылған. Ал, өнімдерін шығынсыз суару үшін кәсіпкер өз ойынан жылыжай конструкциясын жауын-шашынды шашау шығармай пайдалануға ыңғайлы етіп жасаған. Сондай-ақ, Есіл өзенінен құбыр тартып, жылыжайды суаруды толықтай автоматтандырыпты.

«Былтыр жылыжайдан алғашқы өнімді алдық. Тамшылап суару технологиясын пайдаланып отырмыз. Соның арқасында әр шаршы метрден 20-25 килограмға дейін қияр жинадық. Қазір жылыжай кешендерінде құлпынай, қияр, қызанақ және салаттың бірнеше түрін өсіріп жатырмыз. Болашақта көкөністерді топырақсыз жасанды ортада өсіру әдісі – гидропониканы қолданбақшымын. Былтырғы қыс біз үшін қолайлы болып, ылғал мол түсті. Бұйырса, маусым айының ортасында алғашқы көкөністерді нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Әзірге, Аршалы ауданын экологиялық таза көкөніс өнімдерімен қамтуды мақсат еттік», - дейді кәсіпкер басшысы Рифкат Абдульманов.

Жылыжайдан қысы-жазы өнім алу үшін ұзақ жанатын қазандықтар орнатылған. Жақын күндері көкөніс өнімдері тек аудан нарығына емес, астана тұрғындарына да жеткізіледі.

Жылыжай кешенінің жобалық құны 98 миллион теңгені құрап отыр. Қазір мұнда 5 адам жұмыс істеуде.

Кәсіпкердің айтуынша, өз ісін одан әрі дамытуға ақшадан бұрын маман тапшылығы кедергі болып отыр екен. Ауданда агроном, инженер сынды маман иелері жоқтың қасы.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы

Серіктес жаңалықтары