Петропавлда қайта ашылған сауда орталықтары бос тұр
СҚО-да карантиндік шараларды жеңілдету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді
Солтүстік Қазақстан облысында автовокзал, автостанциялар екі айға жуық уақыт үзілістен кейін жұмыстарына қайта кірісті. Өңір аумағындағы қоғамдық көлік қатынасы жандана бастады. Ірі сауда-ойын-сауық орталықтары ашылды. Ал балалар алаңдары әзірге жабық. Azattyq Rýhy тілшісі Петропавл қаласындағы бірқатар нысандарды аралап көрген еді.
Солтүстік Қазақстан обылысында карантиндік шараларды жеңілдету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Балабақшалар әдеттегі режим бойынша қызмет етуге көшті. Монша, сауна, финтес орталықтары мен тренажер залдары да өз жұмыстарына қайта кірісті. Халыққа қызмет көрсету орталықтары есігін айқара ашты. Ал кинотеатрлар мен қоғамдық тамақтану орындары әзірге жабық. Дәмханалар тапсырысты жеткізіп беру қызметі бойынша ғана жұмыс істеп жатыр.
САУДА ОРЫНДАРЫНДА ТЫНЫШТЫҚ ОРНАҒАН
Бұған дейін жалпы аумағы 500 шаршы мертден аспайтын дүкендер іске қосылған болатын. Енді ірі сауда үйлері де өз жұмысын бастады. Алайда әдеттегідей керегін іздеп ерсілі-қарсылы сабылған тұтынушыны көрмейсің. Азық-түлік супермаркеттері болмаса, киім-кешек, тұрмыстық техника, ойыншық сынды тағы басқа заттарды сататын нүктелер қаңырап тұр.
Анна Садова Петропавл қаласындағы ең ірі сауда орталықтарының бірі саналатын «Рахмет» дүкенінде сатушы болып жұмыс істейді. Балаларға арналған киім-кешек пен аяқ киім сатады. Бөлімнің жұмысқа қайта кіріскеніне 3-4 күн болған. Біраз жылдан бері жұмыс істеп жүрген маман сауда орталығындағы мұндай тыныштықты бірінші рет көріп тұрғанын айтады.
«Бірінші қабатта жұмыс істейтін күзетші дүкенге кірген адамдардың міндетті түрде медициналық маска киюін қадағалайды. Онсыз ішке кіруге рұқсат жоқ. Қауіпсіздік талаптарын барынша сақтап жұмыс істеуге тырысып жатырмыз. Карантин уақытында біраз табысымыздан айрылып қалдық. Көктем мезгіліне арналған киімдер мүлде сатылмай қалды. Келер жылы сәнге басқалары шығады. Не істерімізді білмейміз. Жұмысты қайтадан бастағанымызбен, пайда шамалы. Бірен-саран ғана адам келіп жатыр. Негізінен аяқ киім мен балабақшада киюге арналған жеңіл киімдер өтеді. Оның өзінде тұтынушылар бағасы арзанырақ, жеңілдікпен сатылып жатқан тауарларды сұрайды. Соған қарағанда халықтың ақшасы жоқ деп ойлаймын. Өйткені азық-түлік айтарлықтай қымбаттады және көпшілік төтенше жағдайға байланысты жұмыс істеген жоқ, сәйкесінше табыс та болған жоқ», - дейді сатушы.
КӨПШІЛІК МАСКАНЫ ДҮКЕНГЕ КІРУ ҮШІН ҒАНА КИЕДІ
Байқағанымыз қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтық сақталып жатқан жоқ. Көбінің медициналық масканы киюі де талапқа сай келмейді.
«Көбі масканы жұқпадан қорғану үшін емес, дүкенге кіру үшін киетін сыңайлы. Өйткені тұтынушылар ауыз қуысы мен тыныс жолдарын жаппайды. Иегіне іле салатындар да бар. Оларға ескерту жасап, масканы дұрыстап киюін өтінуге тура келеді. Екі айға жуық уақыт бойы карантинде отырып, жұмысқа қуана кірістім. Бірақ бұрынғыдай адамдар легі жоқ. Күні бойы бос отырамыз. Оның нақты себебін айта алмаймын. Адамдар сыртқа шығуға қауіптенеді десек, далада халық көп. Соған қарағанда көпшілік материалдық қиындыққа тап болғаны аңғарылады», - дейді сатушы Татьяна Антоненко.
Ал екінші деңгейлі банктердің кейбіреуінде ұзын-сонар кезек. Тұтынушылар өз кезектерін далада күтеді. Есік алдында арнайы сызба жасалып, орындықтар қойылған.
БЛОК-БЕКЕТТЕР АЛЫНҒАН ЖОҚ
Облыс аумағындағы блок-бекеттер толықтай алынған жоқ. Олар әзірге жұмысын жалғастыра бермек. Крантинге байланысты өңірішілік 72 автобус бағыты тоқтатылған болатын. Төтенше жағдай енгізілгенге дейінгі көрсеткішке сүйенсек, бір тәулікте Петропавл автовокзалынан 149 рейс жүзеге асырылып, орта есеппен 1500 жолаушыға дейін сапарға шығатын. Әзірге облысішілік автобус бағыттары ғана жұмыс істейтін болады. Індет қаупі әлі де сейіле қоймауына байланысты сырттан қатынайтын жолаушылар тасымалына рұқсат берілген жоқ. Яғни, облыс аумағына кіріп-шығуына тосқауыл қойылған. «Петропавл автовокзалы» ЖШС директорының орынбасары Андрей Мищенконың айтуынша, облыс аумағындағы елді мекендерге қатынайтын барлығы жиырмадан астам бағытта автобустар жолға шықты. Сондай-ақ, жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын қала және аудандардың бір мыңға жуық қызметкері де өз жұмысына кірісті. Ал теміржол қызметі маусымның бірінен іске қосылады. Әзірге билеттер онлайн түрде сатылып жатыр.
Қоғамдық көліктердің жұмысы қайтадан қыза түскен. Жүргізушілерден медициналық маскасыз жүрген жолаушыларды автобусқа кіргізбеу талап етіледі. Және көлікте антисептикалық құралдардың болуы міндетті.
Осы күнге дейін Солтүстік Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан 39 адам тіркелді. Оның 31-і емделіп шықты. Қазіргі уақытта провизорлық стационарда 44, карантиндік стационарда 110, үй карантинінде 334 адам бар. Олардың барлығы дәрігерлер бақылауында.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО