СҚО-да синтетикалық есірткіге «отырған» жастар саны артып барады
Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар да бар
Петропавлда жыл басынан бері интернет арқылы есірткі сататын екі дүкен анықталды. Тәжірибе көрсетіп отырғанындай, саудагерлер жастар көп қолданатын «Тelegram», «ВКонтакте» сынды мессенджерлерді кеңінен пайдаланады. Соңғы уақытта өңірде синтетикалық есірткілерді сату оқиғалары да жиіліеп кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
НАШАҚОРЛЫҚ – ЖЕРДЕГІ ТОЗАҚ
Есірткі сататын интернет дүкендердің электрондық мекенжайы жазылған граффитилерді Петропавлда көптеп кездестіруге болады. Полицейлер мен пәтер иелері кооперативтерінің төрағалары кейде оларды бояп үлгермей жатады.
Сұхбат беруге келіскен Петропавл қаласының тұрғыны Иван (есімі өзгертілген) 29 жасында есірткіге тәуелді болған. Қазір әйелі мен баласынан айрылып қалған жігіттің өзегін өкініш өртейді. Ол қайтадан қатарға қосылып, өзгелер қатарлы өмір сүру үшін бір жыл бойы емделгенін айтады. Қазір өзі сынды қиындыққа тап болған жастарды оңалтумен айналысып жүр.
«Нашақорлық – жердегі тозақ. Қолымда бардың бәрін жоғалттым. Жақын жандарымнан айрылып қалдым. Жанның тазалығы, шыншылдық сынды тағы басқа адами қасиеттерден жұрдай болдым. Ұрлыққа барған кездерімді де жасырмаймын. Жақындарым маған дер кезінде қол ұшын беріп, емделуге мәжбүрледі. Сол сәтте әйелім менімен ажырасты. Осыдан кейін ғана ойланып, өзімді қолға алдым. Бұрын Құдайға сенбейтінмін. Қиналғанда жаратқаннан көмек сұрадым. Бойыма Құдайға деген сенім ұялай бастады. Сенімнің арқасында есірткіге тәуелділікті жеңіп шықтым», - дейді ол.
Қазіргі уақытта есірткінің әдеттегі түрлерінен түбегейлі ерекшеленетін психобелсенді заттардың жаңа түрі пайда болды. Бұл препараттарды адам ағзасына түскеннен кейін тест арқылы анықтау қиын. Оған тәуелді болған жандар дерттен оңайлықпен құтыла алмайды.
«Синтетикалық есірткінің ерекшелігі – нашақор оны тұтынбаса, денесі қирап ауырмайды. Тек жан-тәнімен сол препараттарды қалап тұрады. Есірткіні пайдаланған кезде ми жұмысы уақытша тоқтап, адам ләззат алады. Оны емдеу өте қиын. Есірткіге тәуелділікті жою үшін тұлғаны өзгерту керек. Оған айлар емес, бірнеше жыл кетеді. Нашақорлық – отбасындағы тәрибеден басталады. Есірткіге тікелей және жанама тәуелді адамдар болады. Синтетикалық есірткі адамның психикасына келтіретін зиянның көлемін айтып жеткізу қиын. Орталық жүйке жүйесінің қызметі бұзылады. Адам ұйықтаудан қалады. Оның өмір сүргісі келмейді. Тіпті, өз-өзіне қол жұмсайтын жағдайларға алып келеді», - дейді СҚО Психологиялық денсаулық орталығы наркологиялық бөлім меңгерушісі Галина Андреева.
Психологиялық денсаулық орталығының деректері бойынша, Солтүстік Қазақстан облысында 663 адам «нашақор» диагнозымен есепте тұр, оның қатарында алтауы кәмелетке толмаған жасөспірім.
СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІНІ САТЫП АЛУ ОҢАЙ
Солтүстік Қазақстан полицейлері синтетикалық препараттар сатқан екі интернет-дүкеннің жұмысын тоқтатты. Аталған ведомство мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта екі факт бойынша да сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олар жұмыс істеген уақытта қанша адамды есірткіге тәуелді еткенін елестету қиын.
Мамандардың айтуынша, синтетикалық препараттарды қолданушылардың негізгі тобы – жастар мен жасөспірімдер.
«Қазіргі заманғы есірткілердің тағы бір ерекшелігі бар. Синтетикалық есірткі алатын болсақ, оның бағасы да және сатып алу тәсілі де қолжетімді. Ол препараттар интернет желісінде «Тelegramm», «VK» мессенджерлері арқылы таратылады. Сауда жасау оңай. Алдымен желінің ар жағынағы адаммен келіссөз жүргізіледі. Содан кейін көрсетілген нөмірге немесе есепшотқа ақша аударылады. Оған тауардың қайда жасырылғаны туралы СМС хабарлама келеді. Нашақор белгіленген орыннан өзі сатып алған затты алып кетіп, өз мақсатына пайдалана береді», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Жанар Байғазина.
«Спайстар», «тұздар», «меф» және сол секілді өзге де есірткі түрлерін тұтынушылар ағзаға инемен екпейді, жұтады, шегеді немесе иіскейді. Олар кез келген заттарға – дәріханалық шөптерге, темекіге, азық-түліктерге, қағазға тез сіңіп кетеді. Сондықтан нашақорлар айналадағылардың күдігіне ілікпей-ақ оны өзімен бірге алып жүре алады.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында 78 есірткі қылмысы тіркелген. Заңсыз айналымнан 4,5 келі түрлі есірткі заты, оның ішінде бір келіге жақын синтетикалық есірткі алынған. Жазасының қатаң болғанына қарамастан оңай олжаға кенелуді көздейтін қылмыскерлер өз өнімдерін сату үшін сан алуан айла-тәсілдерді пайдаланады.
Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткі мидың ауыр зақымдануына әкеп соқтырады. Бұл препараттарды қолдану кезінде ми тамырлары күрт тарылады.
Әдетте, синтетикалық есірткі қолданатын нашақордың міндетті түрде психиатриялық диагнозы болады екен. Одан емделу мүмкін емес. Оның бойында үрей, әуестену, елестеу, негізсіз қорқыныш пайда болады.
НАШАҚОРДЫ БАЙҚАУ ҚИЫН
Солтүстік Қазақстан облысында 2019 жылы синтетикалық препараттарға қатысты 3 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Олар бойынша 2 адам сотталған. Мамандардың айтуынша есірткі саудагерлерін анықтау оңай шаруа емес. Себебі, олар электрондық мекенжайларын үнемі өзгертіп отырады.
«Бүгінгі күні заңсыз айналымнан 4,5 келі түрлі есірткі заты, оның ішінде бір келіге жақын синтетикалық препараттар және 300 грамм героин тәркіленді. Биыл 11 қаңтардан бастап интернет ресурстарды пайдалана отырып, синтетикалық есірткіні таратуға қатысты Қылмыстық кодекстің баптарына түзетулер заңды күшіне енгенін атап өтуге болады. Ол жазаны қатаңдатты. Қазіргі заманғы есірткілер өте қауіпті, адамдар оны сынап көргеннен кейін одан бас тарта алмайды. Алғашқы бірнеше рет қолданғандарын жақындары білмей қалады. Егер осындай жағдайға тап болсаңыз, Психологиялық денсаулық орталығына немесе тұрғылықты жердегі емханалардажұмыс істейтін наркологиялық кабинеттердің көмегіне жүгінуге кеңес береміз», - дейді Жанар Байғазина.
Көбіне жастар есірткі сатушылардың құрбанына айналып жатады. Ең сорақысы, заңсыз тауарды саудагерлер өздері жасай береді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО