Елордада дүкен сатушылары арасында коронавирус жұқтыру күн сайын анықталып отыр
Сатушылардың көбі маскасыз, қолғапсыз, антисептиксіз жұмыс істейді

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова Нұр-Сұлтан қаласындағы дүкен қызметкерлерінен күн сайын COVID-19 анықталып жатқанын мәлімдеді.
«Өткен тәулікте елордада 358 нысан тексерілді. Олардың 85-і санитарлық талаптарды сақтамаған. Талаптарды орындамайтындардың дені азық-түлік, азық-түліктік емес дүкендер. Сатушылар маскасыз, қолғапсыз, антисептиксіз жұмыс істейді. Нандарды сақтау, қаптау ережесін сақтамайды. Стоматология, сұлулық салондарын, шаштараздарда да санитарлық-дезинфекциялық шараларға мән бермейді. Нұр-Сұлтан қаласында күн сайын түрлі дүкен сатушылары арасынан коронавирус жұқтырғаны анықталады», - деді Айжан Есмағамбетова.
Алматыда санитарлық шараларды сақтамағаны үшін «Салауат Строй» ЖШС нысанының құрылысы тоқтатылған.
Егер бизнес субъектілері талаптарды ескертуден кейін де орындамаса, мемлекет 13 млн теңгеге дейін (5 мың АЕК) айыппұл салып, нысанды жауып тастауы мүмкін.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан