$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.12.2024, 10:35
Қоғам

Биыл Қазақстанда тұрғын үй құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті

Құрылыс көлемі 6,9 трлн теңгені құрап отыр

Биыл Қазақстанда тұрғын үй құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті
Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қазір Қазақстанда құрылыс саласының үлесі ЖІӨ-нің 5,6 пайызын құрайды. Ал жыл соңына дейін республика бойынша рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, қазір құрылыс саласында 667 мыңнан астам адам жұмыс істейді, 53 мыңға жуық кәсіпорын қызмет етеді, оның 2 903-і құрылыс материалдарын өндіреді. Биылғы 11 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 6,9 трлн теңгеге жеткен, бұл былтырғымен салыстырғанда 10,3%-ға артық.

«Құрылыс саласына қаражат инвестициялаудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін министрлік тұрғын үй құрылысын ынталандыру бойынша бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдады. Осы жылы барлық көздер есебінен аталған мақсаттарға шамамен 965 млрд теңге жоспарланған. Нәтижесінде 160 мыңнан астам азамат 41 мың жаңа пәтерге қоныстанады. Мұқтаж азаматтарға қолжетімді құралдарды ұсынуға ерекше көңіл бөлінеді», — деді Шарлапаев Үкімет отырысында.

Республика бойынша жаңа жылға дейін рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қараша айының қорытындысы бойынша 16,3 млн шаршы метр тапсырылған, жыл соңына дейін тағы 1,7 млн шаршы метр пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ биыл жалға берілетін 22 мыңнан астам пәтер сатып алуға 330 млрд теңге қарастырылып, әкімдіктерге 305 млрд теңге аударылған. Жыл соңына дейін мемлекеттік бағалы қағаздар шығару есебінен 165 млрд теңгеге 10 мыңнан аса пәтерді пайдалануға беру жоспарланған

Шарлапаев биыл көктемде «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті. Осы бағдарлама аясында 2024 жылға 300 млрд теңге сомасына 12 мың қарыз беру жоспарланған. Қазір 6 мыңнан астам азаматқа 172 млрд теңге берілген.

Серіктес жаңалықтары