СҚО-да туған анасын өлтірген сотталушы өз кінәсін мойындамады
Сот 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады
Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2024 жылдың 2 желтоқсанында Тайынша қаласында өз анасын өлтірген азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сіілтеме жасап.
2024 жылдың 9 тамызында Тайынша қаласындағы өз үйінде айыпталушы Б. анасын өлтіргені анықталды. Қылмыс сотта жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтары, сот сараптамаларының нәтижелері және басқа да дәлелдер арқылы расталды.
Прокурор мен жәбірленуші тарап айыпталушы Б.-ны кінәлі деп тануды және оған 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін мойындамай, ақтауды талап етті.
«Сот ҚР ҚК 53 және 54-баптарында қарастырылған жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды таппады. Қылмыстың ауырлығын ескере отырып, сот Б.-ны ҚК 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, сот шешімімен айыпталушы маскүнемдіктен мәжбүрлеп емделуге тиіс», - делінген хабарламада.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.