$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.11.2024, 17:43
Қоғам

Ақмола облысында инклюзивті білім беретін кабинеттердің саны артып келеді

Қосшы қаласында ерекше білімге мұқтаж 289 бала есепте тұр

Ақмола облысында инклюзивті білім беретін кабинеттердің саны артып келеді
Фото: istockphoto.com

Қосшы қаласында инклюзивті білім беретін кабинеттерінің саны артып келеді. Жақын күндері тағы бір кабинет ашылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық білім басқармасына сілтеме жасай отырып.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне қарағанда, Қосшы қаласы бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар 289 бала есепте тұр. Олардың ішінде, 104 бала  қала  мектептерінде оқиды, 170 бала № 20  психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде тіркеуде тұр. Балабақшаларда 12 бала бар болса, тағы үш бала  арнаулы мектептерде оқиды.

Биыл оқу жылының алдында  Қосшы қаласындағы № 3 жалпы білім беретін мектепте  инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Оған 18 бала барады. Психолог, логопед, дефектолог, әлеуметтік педагог, педагог-ассистент мамандары ерекше балалардың барынша қоғамға әлеуметтеніп кетуіне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Кабинет тиісті құралдармен толық жабдықталған.

Инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарын уақтылы қолдау деуге болады. Бүгінгі таңда Ақмола облысында инклюзивті білім беруді қолдаудың 70-тен астам ресурстық кабинеті жұмыс істейді, оларға 1000-нан астам бала барады.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытудың маңызды мәселелерінің бірі – білім беру. Ол қазіргі қоғамдағы актуал мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру жүйесін дамытуды ел үшін басым міндет деп айтады және облыста осы бағытта үлкен жұмыс жүріп жатыр. Президент өз Жолдауында инклюзивті қоғам құру мәселесіне үлкен көңіл бө­лінгенін сан мәрте айтып, адамның қадір-қасиеті мен құқығы, амандығы мен саулығы сияқты маңызды мәселелерге назар аудара келе тиісті тапсырмалар да жүктеп жүр.  Мәселен, Мемлекет басшысы 2021 жылғы 26 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осы аталған заңда «Мемлекет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға олардың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, білім беру жүйесі шегінде білім алу үшін жағдай жасауға міндетті (8-бап, 1-1-т.). Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр. Мектепке дейінгі және орта мектептегі білім беру ұйымдары заң бойынша оларға қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балаларды, оның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қабылдауы тиіс (26-бап, 2-т.)» деген маңызды тұстар ашық әрі айқын жазылған.

Осы тапсырмаларды орындау облыстағы оқу орындарын барлық қажетті заманауи жабдықтармен, арнайы кабинеттермен жабдықталуын қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

2020-2025 жылдарға арналған «Инклюзивті білім беруді қолдаудың ресурстық кабинеттерінің желісін кеңейту» жоспарына сәйкес 2024 жылы инклюзивті білім беруді қолдаудың 30 кабинетін ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 23-і ашылып, тағы 7-і биыл жыл соңына дейін ашылады. Жалпы айтқанда облыста инклюзивті кабинет саны жыл сайын артып келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, Ақмола облысында 2020 жылы 3 қана инклюзив кабинет ашылса, 2021-2022 жылдар аралығында оның саны 8-ге жеткен. Ал 2023 жылы ерекше балаларға арналып ашылған кабинеттің саны 29 болған. 2024 жылы дәл осындай тағы да 30 кабинет ашылған. Алдағы 2025 жылы облыс аумағында ерекше балаларды әлеуметтендіретін 30 кабинет ашылмақ.

Жуырда ғана Ақмола облысы Целиноград ауданында Ы.Алтынсарин ауылының жалпы орта білім беретін мектебінде инклюзияны қолдау кабинетінің ашылуы өтті.

Кабинет барлық қажетті дидактикалық материалдармен, Монтессори әдістемесі бойынша интерактивті тақтамен, аяқ-қол моторикасын дамытуға арналған түрлі заттармен, демалу бұрышымен және психологиялық сүйемелдеумен жабдықталған.

Инклюзияны қолдаудың ресурстық кабинеттерінің жұмыс істеуі ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды бейімдеу, оқыту және дамыту үшін арнайы жағдайлар (орта, кадрлық, ұйымдастырушылық) жасауды көздейді. Сондықтан, бұл облыстық білім беру жүйесінің маңызды бағыттарының бірі.

Мемлекеттiк мекеменiң мақсаты ерекше бiлiм берудi қажет ететiн мектеп жасына дейiнгi балаларды тәрбиелеу мен оқыту, балалардың денсаулығын сақтау және нығайту, олардың дене, интеллектуалдық және моральдық дамуын қамтамасыз ету, түзеу-педагогикалық және емдеу-сауықтыру қолдауын  көрсету.

Өз мақсаттарына қол жеткізу үшін мемлекеттік мекеме мынадай міндеттер атқарады:

1) балалардың психофизикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, кешенді емдеу, түзету және әлеуметтік бейімдеу, тәрбиелеу және оқыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету;

2) ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың психофизикалық даму ерекшеліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, жеке түзету-дамыту бағдарламасын әзірлеу және құру және баланың дамуының негізгі бағыттарын сөйлеу, танымдық, эмоционалдық, моторлық және өзіне-өзі қызмет көрсету қамтиды;

3) ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды интеграциялау мақсатында кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету;

4) отбасы жағдайында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мәселелері бойынша ата-аналарға (өзге де заңды өкілдерге) консультация беру және оқыту.

Серіктес жаңалықтары