$ 513  541.16  4.69
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 02:00
Қоғам

«2 минутта орын толып қалды»: Жетісу облысында ата-аналар балаларын тегін үйірмеге тіркей алмай жүр

Небәрі 2-ақ минутта аяқталған онлайн тіркеу жүйесі көптің көкейінде күдік ұялатты

«2 минутта орын толып қалды»: Жетісу облысында ата-аналар балаларын тегін үйірмеге тіркей алмай жүр
Фото: depositphotos.com

Жетісу облысында ата-аналар балаларын тегін үйірмелерге бере алмай жүр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша спорт пен шығармашылық үйірмелерге өтініш қабылдау 28 қарашаға белгіленген. Алайда бүгін онлайн тіркеу басталмай жатып аяқталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Көпбалалы ана Арай Мүсәпірова балаларын ақысыз үйірмеге беру үшін бір жыл бойы күткенін айтты. Алайда «Даму бала» порталында сағат 9:00-де басталған тіркеу қас-қағым сәтте аяқталған. Таң атпай компьютердің алдында тапжылмай отырған ана 2 минут өтпей, «орын толып кетті» деген жауап алған.

«Менің 4 балам бар. Екеуін суретке, біреуін «шешендік өнер» үйірмесіне тегін бергім келді. Бірақ 9:00-да база ашылды 9:02-де жабылды. Қаншама ата-ана тіркей алмай отырды. Екі минут ішінде 2000 орынды тіркеу мүмкін емес», – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Арай Мүсәпірова.

Тегін үйірмеге тіркеле алмай қалғандар өңірде аз емес. Олар тіркеу әділ жүрді дегенге сенбейді.

«Менің компьютерім жылдамдығы жоғары, сайт жақсы жұмыс істеді, бірақ 2 минут ішінде 2000 бала жазылып кетті. Бұл мүмкін емес, физикалық тұрғыда да адам үлгермейді. Сайттың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген», – деді кәсіпкер Нұрхат Сәбитов.

Небәрі 2-ақ минутта аяқталған онлайн тіркеу жүйесі көптің көкейінде күдік ұялатты. Ата-аналар мен кәсіпкерлер тегін үйірме «бармақ басты, көз қыстыға» салынды ма деп күдіктенеді.  Сондықтан олар құзырлы органнан басталмай жатып аяқталған тіркеу барысын тексеруді талап етіп отыр.

«Кезек 1 қаңтардан ашылып, 30 қарашаға дейін ашық тұруы керек. Кез келген кезде порталға кіріп, кезекке баласын тіркеуге құқысы бар. Қолдауымда жүрген 54 кәсіпкер «балам тегін білім алады» деген ата-аналар зардап шегіп отыр. Оны ешкім түсіндірмейді», – деді заңгер Нұрлан Молбаев.

Ал жауаптылар өз кезегінде ата-аналар мен кәсіпкерлер тарапынан айтылған сынды қабылдамады. Олардың сөзіне сенсек, тіркеу уақыты мен өтінішті қабылдау заңға сай жүзеге асқан.

«Сағат 9:00-де ашылған порталға 9:02-де 2 мың бала тіркелді. Ол баланың көптігінен деп ойлаймын. Ата-аналар айтып жатқандай заң бұзылған жоқ. Себебі ата-аналар ЭЦҚ кілтімен кіріп, автоматты түрде тіркеледі», – деді Халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Аслан Сарғожин.

Тақырыпқа тұздық болсын, биыл Жетісу облысында балалардың тегін үйірмесіне бюджеттен 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал бұл мәселенің нақты қандай шешім табары әзірге белгісіз. Ата-аналардың қолдан келер жалғыз шарасы – құзырлы органдарға шағым жасау.

Серіктес жаңалықтары