$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.11.2024, 12:17
Қоғам

Ресей туының түсі өзгеріп кеткен: Астананың сол жағалауындағы LED-экранға хакерлер шабуыл жасаған

Заңсыз әрекетке барғандар жазаланады, дейді полиция

Ресей туының түсі өзгеріп кеткен: Астананың сол жағалауындағы LED-экранға хакерлер шабуыл жасаған
Фото: видеодан скриншот

Ішкі істер министрлігі елордадағы «Астана Опера» театры жанындағы LED-экранда Ресей туының өзгеріп, Украина туына «айналу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ LED-экранға шетелден хакерлік шабуыл жасалғанын растады. 

«27 қарашада Астанадағы LED-экрандардың бірінде көрсетілген тудың суретін қысқа уақытқа ауыстырып қою фактісі тіркелді. Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл прокси-серверлерді пайдалану арқылы шетелдік IP-адрестерден жасалған», - деп мәлімдеді компания. 

Ал Ішкі істер министрлігі «Керуен Медиа» ЖШС-ға қатысты оқиға бойынша тергеу амалдарын бастаған.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық ықтимал нұсқасы, оның ішінде техникалық ақаулар мен жабдықтың жұмысына сырттан заңсыз араласу мүмкіндігі де қарастырылып жатыр. Қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жай анықталуда. Заңсыз әрекетке барғандар жауапқа тартылады. ІІМ заң және тәртіп қағидатын мүлтіксіз орындау бойынша жұмысты жалғастырады», - делінген ресми хабарламада.

Естеріңізге салайық, 27 қараша күні Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Осыған орай Астана төріндегі LED-экранда жоспар бойынша Ресей туы бейнеленуі тиіс болған. Алайда техникалық ақау шығып, «Астана Опера» театрының жанындағы LED-экранда Украина туы пайда болған. Осы сәтті қала тұрғындары видеоға түсіріп үлгеріп, әлеуметтік желіге жариялаған.

Серіктес жаңалықтары