$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.11.2024, 12:00
Қоғам

Астанада бір отбасының пәтеріне 937 шетел азаматы заңсыз тіркеліп алған

Депутат шетелдіктермен неке қию фактілерін мұқият тексеруге шақырды

Астанада бір отбасының пәтеріне 937 шетел азаматы заңсыз тіркеліп алған
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстанда заңсыз көші-қонның өсуі әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіретінін мәлімдеп, премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Қазақстан жағрафиялық жағдайына қарай заңсыз көші-қонның трансұлттық арналар санатына жатады. Бүгінде елімізде ресми мәлімет бойынша 300 мыңға жуық еңбек мигранты бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, қазір тек 13,2 мың шетел азаматы ресми түрде жұмыс істейді.

«Бас прокуратураның ақпаратына сүйенсек, тек биылдың өзінде 82,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 965 шетелдіктің қылмысы әшкереленген. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 1,2 мың жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылды. Еңбек мигранттарының көбісінде жұмысқа шақыру рұқсат қағазы жоқ. Бас прокуратура дерегі бойынша Жамбыл облысында шекараны заңсыз кесіп өткен 20 пәкістандық ұсталса, Қарағанды облысында жалған еңбек шарты мен медициналық анықтамаларын жасап, заңсыз есепке қойған Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен емдеу мекемелерінің қызметкерлерінен тұратын қылмыстық топ анықталған», - дейді Бибігүл Жексенбай Сенаттың жалпы отырысында.

Сондай-ақ прокурорлар жалған мекенжайлар мен «резеңке» пәтерлерде тіркелген 22 мың шетелдікті анықтаған.

«Астанадағы бір ғана отбасы тұрған пәтерге 937 шетелдік тіркелсе, Алматы облысында осындай 13 мың факті тіркелген. Мұндай тексерістер Маңғыстау, Түркістан облысында, Жамбыл облыстарында әр аудан-ауылда жіті жүргізілсе, бұл көрсеткіштер еселеп өсуі әбден мүмкін екені айқын», - дейді сенатор.

Халықаралық миграция ұйымы есебінше, жыл сайын Қазақстанға 3,7 миллионнан астам шетел азаматы әртүрлі себептермен келеді. Олардың қаншасы елде қалып, қаншасы кетіп жатқанын ешкім айта алмайды.

«Заңды және заңсыз мигранттардың Алматы, Астана, Шымкент және Маңғыстау облыстарында жинақталуы әлеуметтік-экономикалық қана емес, қауіпсіздік мәселелерінің де туындауына әкелуі мүмкін. Миграция ағынының күшеюі жағдайында көші-қонды бақылап қана қоймай, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал ететіндей бағыттау қажет», - деп санайды депутат.

Осыған байланысты Бибігүл Жексенбай заңсыз көш-қонды тоқтату үшін Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады:

  • Еуропа елдеріндегідей біліктілігі жоқ жұмыс күшін әкелуге тыйым болмаса да, шектеуді күшейту; көлеңкелі еңбек нарығын реттеудің жаңа тәсілдерін ойластыру; заңсыз келген мигранттың белгілі бір көлемде айыппұл төлеп, заңды жұмысқа тұру мүмкіндігін қарастыру;
  • шекара бекеттерін күшейтіп, жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету; дактилоскопия, көз қарашығын сканерлеу арқылы мигранттардың цифрлық профилін, ел ішінде қозғалысы мен геолокациясы, олардың кеткен күні мен орны туралы хабарлама алып тұру, ақпараттық деректер базасын құру;
  • заңсыз көші-қон мен адам саудасын ұйымдастырушыларға, жалған құжат жасаушыларға барынша қатаң жаза қарастыру;
  • ықтиярхат алу мақсатында шетелдіктермен қиылған жалған некелердің алдын алу үшін шетелдіктермен неке қию мен ажырасу фактілерін неғұрлым жіті тексеру.
Серіктес жаңалықтары