$ 499.51  525.83  4.62
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
Бүгін, 11:45
Қоғам

Өмірінің 20 жылын қиын жұмысқа арнаған өрт сөндіруші үйлердің жанындағы көліктер қандай қиындық туғызатынын айтып берді

Ербол Клушев 2004 жылдан бері Ақмола облысында өрт сөндіруші болып жұмыс істеп келеді 

Өмірінің 20 жылын қиын жұмысқа арнаған өрт сөндіруші үйлердің жанындағы көліктер қандай қиындық туғызатынын айтып берді
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Өрт сөндірушілер жұмыс кезінде шаршаудың не екенін, «мүмкін емес» деген сөздің не екенін білмейді. Өйткені, олар кез келген уақытта, кез келген ауа райында, ыстық-суықта адамдарды құтқарады. Олар сағат сайын өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүреді. Біздің елімізде осы бір қиын да қызықты әрі аса қауіпті мамандықты өмірінің мәніне айналдырған адамдар жетерлік. Олардың өмірі мен еңбегі талайларға үлгі. Осындай азаматтардың бірі – Көкшетеу қаласындағы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Ербол Клушев. Ол 20 жылдан бері өрт сөндіру саласында жұмыс істеп келеді. Azattyq Rýhy облыстағы қауіпсіздік пен адамдарды құтқару саласында 20 жыл аянбай еңбек етіп жүрген Ербол Клушевті сөзге тартып, сөйлесіп көрген еді.

– Ербол,  өзіңіздің өрт сөндіруші ретіндегі ең алғашқы әрекетіңіз есіңізде ме?

– Есімде. Бұндай жағдай әрбір өрт сөндірушінің басында болған шығар. Алғаш рет өрт сөндіруге барған кезде менің бар үмітім взвод командирінде болды. Командирлердің берген дұрыс нұсқаулығының арқасында ең алғашқы қорқыныш пен үрейді жеңдім. Әрине, енді өрт сөндіруші болып жұмысқа кірген кезде бірден тәжірибесі жоқ жаңа адамдарды алып өрт болып жатқан жаққа жібермейді. Егер ондай оқиғаға түсіп қалып жататын болсаңыз, қасыңызға міндетті түрде тәжірибесі мол адамды қосып, саған тәлімгер ретінде қосып жібереді.  Сондықтан, өрт сөндіру кезіндегі алғашқы қиыншылықтардың бәрін өзімнің алдыңғы ағаларымның, тәжірибесі мол мамандардың көмегімен еңсере алдым деп білемін. Жалпы біз өрт сөндірушілер күнде батылдыққа барамыз. Өйткені, кез келген өрт оқиғасы қауіпті. Сол үшін де өрт – тілсіз жау деп аталады. Әрине мен жалғыз емеспін. Бірақ сен өзің үшін емес, басқалар үшін жауапкершілік алған кезде бәрін ұмытасың.

 –Жұмыс өтіліңіз 20 жыл, аз уақыт емес. Осы уақытта қанша өрт сөндіргеніңіз есіңізде ме? 

 –2004 жылдан бері өрт сөндіру қызметінде еңбек етіп келе жатқандықтан, нақты санын айту қиын.  Бір ауысымда түрлі цифрда өрт болып тұратын. Оның қазір нақты саны есіме түспеу тұр. Сондықтан, өрттің бірін екіншісінен ерекше болған еді деп, бөле-жара айта алмаймын. Қандай өрт болмасын ол қауіп пен қатердің ортасы. Сосын кез келген уақытта өзің және өзгелер мүлде күтпеген оқиғалар орын алуы әбден мүмкін. Бәріне дайынмын деп ойлағанмен, нақты оқиға немесе қауіп туа қалған кезде абыржып қалатын кездерім де жиі болып тұрады. 20 жылдың ішінде түрлі оқиғаларды өттім, ол мен үшін үлкен мектеп, өмірлік тәжірибе.

 – Оқыс жағдай кезінде көзсіз батылдыққа барған сәтіңіз болды ма?

 Әрине, ондай жағдайлар өте көп болады. Мен 20 жыл өрт сөндіру саласында еңбек етіп жүрмін. Айтып өткен жылдар ішінде көп жағдай болды — кішігірім тұрмыстық өрттерден бастап ауыр өрттерге дейін. Әрбір өрт оқиғасында құтқарушының әрекеті маңызды. Ерекшеленетін ерекше нәрсе жоқ, өйткені біз үшін күн сайын жаңа сынақ және адамдарға көмектесуге мүмкіндігіміз бар.

 – Тұрғын үйлерден шыққан өртті сөндіруде қандай қиындықтар бар?

 – Егер ол бірнеше қабатты үй болса, онда ең қиыны - өрт болған жерге жету. Тұрғындар аулаға көліктерін қойып, тастап кетіп жатады.  Сондықтан, біз өрт болып жатқан үйге жете алмай қиналамыз. Айталық, өрт сөндіру көлігі де өте алмайды, сатысы бар көліктің жетуі де мүмкін болмай жатады. Ол жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін аса қажетті техника екені айтпаса да түсінікті.  

– Көбі бұл мамандыққа баруға қорқады. Ал сіз өз мамандығыңыздан бақыт таба алдыңыз ба?

 – Шыны керек, осы мамандықта қызмет ету маған көп мүмкіндік  сыйлады.  Өрт сөндіруші болу физикалық тұрғыдан ғана емес, ақыл-ой жағынан да қиын. 20 жылдық қызметімде мен әртүрлі төтенше жағдайлармен күресуді үйрендім, мұнда күш пен төзімділік қана емес, сонымен қатар салқынқандылық, тез шешім қабылдау қабілеті де маңызды. Өрт сөндіруші ретінде жұмыс істеу әрқашан тәуекел мен жауапкершілік. Өйткені адамдардың өмірі мен олардың мүлкінің қауіпсіздігі сіздің әрекетіңізге байланысты. Мен өрт сөндіру саласына жұмысқа орналасып, дос-жараң, жақсы әріптестер таптым, отбасылы болдым. Мен үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Сол үшін де мамандығымнан бақыт таба алдым деп айта аламын.

– Сіз үшін ең үлкен құрмет не?

— Мен үшін ең жақсы сыйлық — бұл менің туыстарымның және айналамдағы адамдардың дені сау әрі бақытты ғұмыр кешуі. Әрине, қызмет еткен жылдары әртүрлі марапаттарға ие болдым, бірақ өз жұмысымның адамдар өмірін сақтауға және адамдарға тыныштық әкелуге көмектесетінін көруден маңызды ештеме жоқ.

– Сіздің мамандықта асқан жауапкершілік пен өжеттілік қажет. Сіздің ойыңызша өрт сөндірушінің бойында тағы басқа қандай қасиеттер болуы керек?

– Әрине, ең басты керек екі қасиет ол – жоғары жауапкершілік пен өжеттілік. Осындай қызметте жүрген соң, түрлі жағдайлар орын алып жатады. Сондай сәттерде психологиялық және физикалық тұрғыда мықты болу да әрбір өрт сөндірушінің міндеті. Өрт сөндіруші бірінші кезекте өз елінің патриоты және кез келген уақытта адамдарға көмек қолын созатын жанашыр азамат болу керек деп ойлаймын. Жалпы, бұл салаға келген әрбір қызметкер өз қызметін жақсы білуі тиіс. Өйткені, бізге ең алдымен шапшаңдық пен батылдық қажет. Кез келген уақытта құрал- саймандарымыз сақадай сай болуы міндетті. Ол үшін күнделікті дайындық жаттығулары болып тұрады. Негізінде біздің команданың күші ең алдымен – бірлік пен сенімде. Оған қоса, қайсарлық пен қырағылықта.

– Кей кездері өрт сөндірушілердің еңбегі тасада қалып, еленбей жатады. Жалпы сондай сәттерде іштей реніш болмай ма?

– Негізгі, ісіміз адам өмірін аман алып қалу мен өртті ауыздықтау болған соң, біздің жұмыс мақтау-марапатты көздеу мақсатын көздемейді. Сондықтан, реніш те, өкініш те болмайды. Біз жұмысымыз үшін ешқашан марапат күтпейміз. Біздің марапатымыз – адамдарды құтқарып, өрттен аман алып шығу.

– Тілсіз жау құрбанын таңдап жатпайды. Өрт сөндіруге аттанып бара жатқанда қорқыныш сезімі бола ма?

– Әрине, қорқыныш сезімі әрқашан болады. Әр нәрседен қауіптенесің. Өйткені, өрт кезінде түрлі жағдай болып қалуы мүмкін. Сондықтан, тиісті әрекет жасар алдында бүкіл тәуекелді шұғыл арада ой елегінен өткізіп,  қандай қатер төнуі мүмкін екенін бағамдап алған жөн. Алды-артына қарамай ешкім өртке кіріп кетпейді. Тіпті, жұмысқа жаңа алынған жас мамандардың өзіне ойланбастан опық жеп қалмауы үшін әр қадамын абайлап басуды үйретеміз. Кез келген адамда қорқыныш сезімі болады. Ақымақтарда ғана қорқыныш болмайтын шығар. 

- Өрт сөндіру мамандығының қандай басымдығы бар?

– Біздің жұмысымыз өте қызықты. Өрт болып жатқан жерге келіп, қызыл жалынмен арпаласу сәтін көрген кезде құлшынысың оянады, бәрі қызық көрінеді. Жылдам әрі тез шешім қабылдап үйренесің. Басқа мамандықта өзімді елестете алмаймын. Сондықтан өрт сөндіруші қызметін ештеңемен салыстыра алмаймын. Жалпы адамдарға көмектесу, оларды құтқару керемет емес пе?! Одан артық қандай басымдық керек?!

 – Өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

– Мен 1983 жылы дүниеге келгенмін. Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында туып-өстім. 2002 -2004 жылдары Қазақстан Республикасының Республикалық ұланында азаматтық борышымды өтедім. 2004 жылы Көкшетау қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жүргізуші болып жұмысқа орналастым. Өрт сөндіру қызметім осылай басталды деуге болады.. Соңғы 5 жыл болды аға инженер қызметіндемін. Кейін келе Көкшетау техникалық институтын бітіріп алдым. Үйленгенмін, 2 қызым бар. Өз мамандығымнан бақыт тапқан адамдардың бірімін.

– Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Серіктес жаңалықтары