Елордада іске қосылатын сауна-моншалардың неше сағат жұмыс істейтіні белгілі болды
Монша мен саунаға келген адамдардың саны 30 адамнан аспауы тиіс
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пралиева 20 мамырдан бастап монша мен сауналардың жұмыс істей бастайтынын, дегенмен, тиісті қаулы енді дайындалып жатқанын айтты. Айтуынша, қала тұрғындары таңғы сағат 09:00-дан бастап кешкі 18:00-ге дейін ғана жуына алады.
«Ведомствоаралық комиссия эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 20 мамырдан бастап елордада ойын-сауық орталықтары, (фуд-корт, ойын-сауық алаңдары, кинотеатрлар ашылмайды) қоғамдық монша, сауна (бассейнсіз), азық-түлік емес жабық базарлар, сауда орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысын қайта бастау туралы сұрақты қарастырып жатыр. Қазір бұл сұрақ біздің тарапымыздан қарастырылуда және қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулысы әзірленіп жатыр. Осыған байланысты аталған нысандардың жұмыс алгоритмі өзгереді», - деді ол.
Осылайша, Нұр-Сұлтанда монша мен сауналар алдын ала жазылу арқылы, таңғы сағат 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Олардың бассейн аумағы мен күту залы жабық болады. Монша мен саунаға келген адамдардың саны 30 адамнан аспауы тиіс.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан