$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Краннан құлағаннан кейін арбаға таңылған Абылайхан Асылбай елде жоқ сауыт тоқып жүр

Абылайхан мырзаның шеберлік жолға біржола бет бұруына өмірінде болған ауыр жағдай әсер еткен

Краннан құлағаннан кейін арбаға таңылған Абылайхан Асылбай елде жоқ сауыт тоқып жүр
Фото: Абылайхан Асылбайдың жеке мұрағатынан

Таяуда «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының жүлдегерлері марапатталды. Соның бірі талантты шебер, темірден түйін түйген шығыстың тумасы Абылайхан Асылбай мырза. Ол өзінің ерекше тәсілімен кіреуке дулығаны тоқып шығарған жалғыз адам. 

Абылайхан мырзаның шеберлік жолға біржола бет бұруына өмірінде болған ауыр жағдай әсер еткен. Тағдырының қиындығын бақытқа айналдыра білген өжет жанмен Azattyq Rýhy тілшісі аз-кем сұқбат құрды.

«Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Жаңатұрмыс деген кішкентай ауылда туып-өстім. Әкем - ұста, нағашы атам - зергер болған. Өзім шеберлік жолға бірден келмедім. 1997 жылы құрылыста істеп жүріп, краннан құлап, бірінші топтағы мүгедек болып қалдым. Сол кезде «енді алдағы өмірім қалай болады, немен айналысамын» деген сұрақтар мазалады. Қанда бар қасиет жібермейді екен, ақыры әкем секілді шеберге айналдым. Бір күні теледидардан мықты қолөнер шебері Дәркембай Шоқпарұлын көріп, өнеріне ғашық болдым. Осы кісіден тәлім алсам деген мақсат пайда болды. Үш жылдан кейін балдаққа тұрып жүре бастағанда қарындасымды ертіп, Алматыға бардым. 2000 жылы маусым айында Дәркембай Шоқпарұлымен танысу бақыты бұйырды. Ол маған шеберлік өнердің қыр-сырын үйретті, мен ұстазымның ең соңғы шәріттерінің бірімін», - дейді шебер өзінің өнерге келу тарихын баяндай отырып.

Асылбай мырзаның отбасы, бес баласы, оншақты немересі бар бақытты ата, Қазақстанның түкпір-түкпірінде шәкірттері бар бақытты ұстаз.

Ол қоғамға үлкен үлесін қосып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығынына байқауына қалай қатысқаны туралы айтып берді.

«Бізде Этнодизайнерлер одағы бар. Соның парақшасында осы байқау туралы хабарландыру жарияланды. Бір жарым ай бұрын естідім. Содан барлық өзімнің істеген жұмыстарым туралы мәліметтерді жібердім. Сол жақтағы қазылар алқасы бірауыздан менің еңбегімді бағалап, өнер саласына қосқан үлесім үшін марапаттпты. Мен оны барғанда бір-ақ білдім. Соған қатысып, жүлдегер болып қайттық. Өнердегі бәсеке жігеріңе жігер қосады, шабыт береді. Жасап жүрген ісіңнің бекер емес екеніне, ел-жұрттың бағалайтынына, жастарға үлгі-өнеге екеніңе көзің жетіп, арман-мақсатыңның дұрыс орындалып келе жатқанына қуанасың. Дәркембай ұстазым айтушы еді «өнерде бәсекелесің аз болсын десең, ең қиыннын таңда» деп. Мен ұстазымның айтқанын орындап келе жатырмын деп ойлаймын. Кіреуке салып тоқу тәсілін сол кісінің шеберханасында жүріп үйрендім. Одан бөлек, жапонша, еуропаша тоқу түрлері бар, олар қазіргі тоқып жүрген сауыттарды тоқудан 2-4 есеге ауыр. Өзімнің жеке тәсілім - айналдырып тоқу арқылы дулыға тоқып шығардым. Оны әлі ешбір жерден көрмедім», - дейді ол.

Шебердің айтуынша, «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығы сияқты байқаулар азаматтарға алға мақсат қоюға, елдің сенімін ақтауға ерік-жігер, шабыт береді.

«Өмірге ас ішіп, аяқ босатуға келген жоқпыз ғой, қоғамды түзеп, үлес қосу үшін жүрміз. Тарихта өз атымызды, артымыздан өшпес із қалдыруды мақсат тұтамыз. Шәкірттеріме де үнемі осылай айтып жүремін», - дейді ол.

Асылбай мырза күніне 10-12 сағат шеберханасында жұмыс істейді. Ол сауыт, дулығадан басқа, қалқан, қылыш найза, шоқпар және зергерлік бұйымдар жасайды. Шебер тек темірмен емес, тері және сүйек, ағашпен де жұмыс істейді.

«Қазір батырдың киімін жасап жатырмын. Бойлары екі метр, салмақтары 160-140 келі денелі ірі азаматтарға төрт сауыт тоқып бердім. Келер жылы бір қазақтың батырына 5-6 кіреуке сауыт сұратты, көбіне киногерлер сұратып жатады. Одан бөлек, Жапония, Германия, Америка сияқты шетелден келген қонақтар қызығып, сатып алады. Ал елдегі бірнеше мұражайға дүниелерді тегін бердім», - дейді ол.

Абылайхан Асылбай мырза өзін мүгедекпін деп есептемейдіі. Ол үш рет инфарк алғанына қарамастан, сырқатқа берілмей, өмір үшін күресіп келе жатқан өжет жан.

«Өмір деген күрес қой, күресе білген адам ғана бұл өмірдің мәнін түсінетін болар. Небір байқаулар, көрмелерге қатыстым, денсаулығым жараса, іс-шаралар, кездесулерден қалмаймын. Мүмкіндігі шектеулі екеніне қарамастан, қоғамға үлесін қосып, қолынан келгенін аянбай жүрген адамдарды мүгедек деп айта алмаймын. Мен өзімді мүгедек санамаймын, тұз арқалаған тағдырыма ризамын», - дейді шебер.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#шебер #Жан шуақ