«Растамаймын, келіспеймін»: Саясат Нұрбек ЖАП-тың «Болашақ»-тағы тексеруіне қатысты пікір білдірді
Ол оқу грантына қатысты заң бұзу жоқ деп кесіп айтты
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Болашақ» бағдарламасы бойынша жеке тәртіппен грант беруге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Үкіметтегі брифингте министрге «жасанды интеллект бағыты бойынша да заң бұзушылықтар болғаны айтылды. Атап айтқанда, жоспарланған 54 гранттың тек бесеуі ғана нақты бағыт бойынша тағайындалып, қалған 49-ы өзге мамандықтарға берілгені туралы мәселе қозғалды. Осыған байланысты аталған жайтты растайсыз ба және жеке жауапкершілікті сезінесіз бе?» деген сұрақ қойылды.
«Растамаймын, келіспеймін. Неге десеңіз, көп жағдайда аудиторлар бухгалтерлік құжаттармен ғана қарайды. Бұл жерде заң бұзушылық жоқ екенін мен нақты айта аламын. Себебі «Болашақ» бағдарламасымен көп жылдан бері айналысып келемін. Өзім халықаралық бағдарламалар орталығының президенті болдым. Жағдай былай: «Болашаққа» түскенде біз екі негізгі құжатқа сүйенеміз. Біріншісі – жоғары оқу орындарының тізімі, яғни ең мықты рейтингтерге кіретін университеттер. Екіншісі – мамандықтар тізімі. Мамандықтар нақты жазылады. Мысалы, жасанды интеллект немесе машиналық оқыту бойынша талапкер шетелдік университеттен шақырту алады. Бірақ шетелдік жоғары оқу орындары бағдарламаларды әртүрлі атаумен береді. Мәселен, «жасанды интеллект және компьютерлік» немесе «машиналық оқыту» деп жазылуы мүмкін», – деді министр.
Оның айтуынша, осы атаулардың мемлекеттік тізімдегі мамандықтарға сәйкестігін арнайы комиссия қарайды.
«Жоғары аудиторлық палата атап өткен 390 бала сол комиссиядан өткен. Комиссия олардың оқу бағдарламасын толық қарайды да, «иә, бұл біздің бекіткен мамандыққа сәйкес келеді» деген шешім шығарады. Содан кейін ғана олар республикалық комиссия мен конкурстық процедураға өтеді. Өкінішке қарай, әріптестеріміз ішкі комиссияның шешімін «стипендия тағайындалды» деп түсінген», – деді ол.
Министр бұл процедураның жаңа емес екенін де атап өтті.
«Бұл – бір жылғы емес, 2009 жылдан бері қолданылып келе жатқан процедура. Комиссияның шешімі тек конкурсқа қатысуға рұқсат беру кезеңі ғана. Одан кейін тәуелсіз сараптамадан өтеді, республикалық комиссия қарайды. Бірде-бір стипендия республикалық комиссияның шешімінсіз тағайындалмайды. Заңда белгіленген тәртіп осындай. Сондықтан бұл жерде заң бұзушылық жоқ. Біз құжаттарымызды жіберіп, түсіндірдік. Бірақ өкінішке қарай, көп жағдайда Жоғары аудиторлық палата алғашқы қорытындысын өзгертпейді», – деді министр.