Эксклюзив: Қазақстан тарихы Ресей тарихшыларының көзқарасымен жазылмайды – Саясат Нұрбек (ВИДЕО)
Қазақстан тарихының 7 томдығы келесі жылы жарық көреді
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде Ресей тарихшылары Қазақстан тарихын түзетеді, еліміздің тарихы көрші елдің көзқарасымен жазылады деген әртүрлі ақпарат тарап жүр. Бұл қауесетке қараша айының басында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың «Ресей мен Қазақстан бірлескен тарихшылар тобын құруға уағдаласты» деген мәлімдемесі қосылды. Ал күні кеше Ресейдің бір топ тарихшысы Астана төрінде жиналып, бас қосқан. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісіне эксклюзив сұхбат берген ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл ақпараттың рас-өтірігін ажыратып берді.
Министрдің айтуынша, бұл ешқандай да бірлескен комиссия емес.
«Бұл бұрыннан келе жатқан ғылыми диалог, ғылыми пікір алмасатын бейреми топ болған. Олар осыдан бес жыл бұрын кездескен, сосын екі жылда бір рет, бір жылда бір рет кездесіп тұрайық, ақылдасып тұрайық, біз өзіміздің соңғы археологиялық ізденістердің нәтижелерін сіздерге беріп тұрайық, сіздер де бізге беріп тұрыңыздар деп уағдаласқан. Бұл таза тарихи, ғылыми пікір алмасу. Ешқандай саяси астары жоқ. Кеше Ресей басшысының сапарын қолданып тағы да бір топ ғалым (Ресейден – ред.) келді. Олармен ғылыми диалогты жалғастырамыз», - деді Нұрбек Мәжіліс кулуарында.
Біздің «Қазақстан тарихы Ресей тарихшыларының көзқарасымен жазылмайды ғой?» деп нақтылаған сұрағымызға:
«Жоқ, әрине», - деп нүктесін қойды.
Саясат Нұрбек қазір Қазақстан тарихының 7 томдығы дайындалып жатқанын және ол жуық арада тәмамдалатынын айтты.
«Осы жылдың соңына дейін бітедіү Оны таза өзіміздің тарихшыларымыз жазды және шетелдік, соның ішінде Америка, Британия, Франция, Моңғолия, Ираннан келген тарихшылар да қатысты. Жеті томдық келесі жылы жарық көреді», - деп мәлімдеді министр.