Новости спорта, футбол, КПЛ

Қызылорда облысында мыңдаған гектарға егілген күріш қурап қалудың алдында тұр

Биыл Сырдариядан келетін су көлемі күрт азайып кеткен

Қызылорда облысында мыңдаған гектарға егілген күріш қурап қалудың алдында тұр
Фото ашық дереккөзден

Қызылордалық шаруалар қуаңшылықтың зардабын тарта бастады. Су тапшылығынан күріш алқаптары қурай бастаған деп хабарлады «Астана» телеарнасы.

Диқандар ағын судың әр тамшысын үнемдеуге мәжбүр. Сырдарияның тартылуы мен су қоймаларының толмауынан осындай қадамға баруға мәжбүрміз дейді олар. Күрішті өсіріп жинап алу үшін ол 100 күн бойы су астында жатуы керек. Яғни, Қызылорда облысының өзіне 1 жылда 4 млрд текше метр ағын су қажет. Биыл Шардара мен Көксарай су қоймаларына жиналған судың көлемі бұл қажеттіліктен 1 млрд текше метрге аз. Оның үстіне, оны Түркістан облысының диқандары да пайдаланады екен.

«Сырдария траншекаралық өзен болғандықтан оны Өзбекстанмен бөлісуге мәжбүрміз. Жыл сайын Шардараға Сырдариядан 1,5 мың текше метр су құйылып келген болса, биыл оның көлемі он есеге дейін азайып кетті», - дейді «ҚазСуШар» мемлекеттік мекемесі Қызылорда филиалының өкілі Жорабек Нұрымбетов.

Су тапшылығы салдарынан Қызылорда облысындағы күріш алқабының аумағы биыл 10 мың гектарға, яғни 10%-ға азайды. Мұндайда ірі шаруа қожалықтары «аман қалуы» мүмкін. Бірақ, орта және ұсақ қожалықтар қып-қызыл шығынға ұшырап, банкрот болады дейді мамандар. Жергілікті билік күріш орнына өзге дақыл егуді сұрап келеді. Алайда, бұл ұзақ процесс дейді шаруалар.

«Егіс алқабына өзге дәнді дақыл егіп, одан жақсы өнім алу үшін кемі бес жыл уақыт қажет. Бұл бізге қаншалықты тиімді? Оның үстіне, жүгері немесе соя күріш секілді өнімді болса оны егуге дайынбыз. Бірақ, кімге сатамыз? Жүгеріні құс фабрикалары сатып алады дейді, ондай фабрикалар болса бізде саусақпен санарлық», - дейді бас агроном Асқар Әлиакбаров.

Жергілікті билік қазір Сырдарияның арнасын тазалаудан басқа нақты шара атқара алмай отыр. Ол үшін 350 млн теңге бөліпті. 3 жыл ішінде 4 млн текше метр құмды тазалаймыз дейді әкімдіктегілер.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.