«Пара алмайтын Алпамыс»: Абайдағы оқушы шын өмірдегі жемқорларды ойынға айналдырды
9-сынып оқушысы ойынды дамытуға 1 млн теңгесін жұмсаған
Абай облысы Бородулиха ауданының Жезкент мектеп-лицейінде оқитын Нұрәли Амангелдиев шын өмірдегі жемқорлардың өміріне негізделген «Пара алмайтын Алпамыс» атты компьютерлік ойын ойлап тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
9-сыныпта оқитын Нұрәли ойындағы бүкіл кейіпкерлерді шынайы өмірден, яғни, Қазақстанда болған Қылмыстық істерден алған.
«Ойынның басты мақсаты – оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіріп, оған қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру. Ойын квест форматында жасалған. Мұнда ойыншы өзіне жасырын агент немесе журналист рөлін таңдай алады. Сондай-ақ сот, прокурор немесе мемлекеттік қызметші рөлін де таңдап, ойнай алады. Ойын барысында ол әртүрлі эпизодтардан өтіп, жемқорлыққа қарсы әрекеттердің қыр-сырын меңгереді және ойын соңында жемқорлықты әшкерелейді», - деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігі.
Қазір бұл ойын Нұрәлінің өзі оқитын мектебінде құқық негіздері сабағында тәжірибе ретінде қолданылып жүр.
«Автор болашақта бұл жобаны ұялы телефондарға арналған тегін қосымша ретінде үш тілде ұсынуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Нұрали өткен жылы І республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар байқауында жеңіп алған 1 000 000 теңге сыйақысын ойынды дамытуға жұмсаған», - дейді дереккөз.