$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Дәріге ақша жоқта бас бухгалтер 2 млн теңге аванс алған»: Текелі дәрігерлері президентке үндеу жолдады (ВИДЕО)

Олар аурурухана басшылығының әрекетін тексеруді талап етіп отыр

«Дәріге ақша жоқта бас бухгалтер 2 млн теңге аванс алған»: Текелі дәрігерлері президентке үндеу жолдады (ВИДЕО)

Текелі аудандық ауруханасының медициналық қызметкерлері президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жолдады. Әлеуметтік желіде таралған видеодағы дәрігерлер аурухананың ішінде былық көп екенін айтқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтсақ, дәрігерлер Текелі аудандық ауруханасының директоры Аслан Толымбекұлы Қалибековке қатысты тексеру жүргізу туралы өтініш білдірген.  

«Атап айтқанда, оның қызметті орындамай, хирургиялық бөлімшеде 0,25 ставка алуының заңдылығын тексеруді талап етеміз. Ол директор болып келе сала ауруханаға екі орынбасарын (бір лауазым - жаңадан ашылған штат), бас бухгалтер, кассир және ФГДС дәрігері келді. Сондай-ақ бұйрықтар мен лауазымдық міндеттерді жақсы білмейтін үш аға медбике жұмысқа орналасты. Басшылық жоғары жалақысы бар лауазымдарға таныстарын қабылдаған. Бұл кезде аурухана бөлімшелерінде қажетті дәрі-дәрмектерді сатып алуға қаражат жетпей жатыр. Бұны өкілеттікті асыра пайдалану деп білеміз», - дейді аурухана ұжымы. 

Олардың айтуынша, 2024 жылдың 20 мамырынан 1 шілдесіне дейін бас медбике Жанар Азатбекқызы заңды демалыста болған.

«Осы уақытта бас медбикенің міндетін уақытша атқарған Меруерт Арғынбаева ережелерді бұзып,  Текелі қалалық ауруханасының бөлімшелерінен дәрі-дәрмек тәркілеп алған.  Дәрі-дәрмектерді алу  кезінде аға медбике болмаған, акт пен хаттама жасалмаған. Аурухана директоры тәркіленген дәрі-дәрмектерді медициналық қызметкерлерге көрсетуден бас тартты. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейін ғана қораптарда цефтриаксон мен цефазолинге аллергиясы бар науқастар үшін қолайлы ампициллин бар екені белгілі болды. Ол дәрі-дәрмек аурухананың бөлімшелерге қажет еді. Жарамды дәрі-дәрмектер неліктен бөлімшелерге таратылмаған? Медициналық персонал тәркіленген препараттардың түпнұсқалығы мен санына қатысты күмәнданып отыр», - дейді бір топ дәрігер.

Сондай-ақ медициналық персонал қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтарды сатып алу туралы басшылыққа бірнеше рет жүгінген. Алайда, басшылық ақша үнемдеу керек деп, қаржы бөлуден бас тартқан. Солай бола тұра, ауруханада бір жылдан аз жұмыс істеген бас бухгалтер Әлия Құрманбаева екі миллион теңге көлемінде аванс алған дейді дәрігерлер.

Аурухана қызметкерлерінің үндеуіне қатысты Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірген.

«Видеоүндеу шыққаннан кейін Текелі қаласына Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы аурухана қызметкерлерімен кездесуге барды, сондай-ақ осы жағдайды тексеру бойынша жұмыс комиссиясын құру туралы шешім қабылданды. 19 қарашадан бастап Д. Балқашқызының дәрілік заттарды тиісінше сақтамауы жайлы әлеуметтік желіде жазылған ақпарат бойынша бойынша ішкі мемлекеттік аудит және прокуратура департаментінің қызметкерлері тексеру жүргізеді. Тексеру және комиссия жұмысының нәтижелері бойынша аурухананың қызметі мен Текелі қалалық ауруханасы директорының құзыретіне құқықтық баға беріледі», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

Серіктес жаңалықтары