$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.11.2024, 21:13
Қоғам

Қоғамның есірткімен күрес жолы тәрбиеден басталады - Бақытбек Смағұл

Смағұлдың пікірінше, қатаң жазамен бірге, тәрбие жұмыстары қоғамда есірткіге қарсы күрестің маңызды бөлігі болып қалуы керек

Қоғамның есірткімен күрес жолы тәрбиеден басталады - Бақытбек Смағұл
Фото: Facebook/Baqytbek Smagul

Қызылордада есірткімен күрес тақырыбы талқыланды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен өткен «Нашақорлыққа жол жоқ» атты кеңейтілген отырыста есірткі саудасының алдын алу жолдары мен мәселелері қаралды. Жиынға қала және аудан әкімдері, прокурорлар, құқық қорғау органдары мен жауапты салалардың басшылары қатысты. Кеңес барысында «Қазақстан ардагерлері қауымдастығының» төрағасы Бақытбек Смағұл жастарды есірткіге қарсы тұруға тәрбиелеу және алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазіргі құндылықтар жаппай құнсызданған құбылмалы заманда әлемде түрлі қылмыстар, қауіп-қатерлер өршуде. Соның бірі – есірткі саудасының бұқаралық сипат алуы. Есірткі сатушылар ғаламтор, әлеуметтік желі, TikTok, Telegram арқылы мектептегі баладан бала баққан анаға дейін есірткі бизнесіне тартатын болды,» – деді Бақытбек Смағұл.

Оның айтуынша, есірткі саудасының алдын алуда жастарды спортқа тарту өте маңызды. Спортқа қатысты үгіт-насихат жұмыстары мен жастарға қатысты түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс.

«Бірінші кезекте жас ұрпақты – оқушыларды, студенттерді, сондай-ақ не оқымайтын, не жұмыс істемейтін жастарды спортқа тартуымыз керек! Спортшы болсаң, халықаралық сайыстарда жеңсең мол табысқа кенелесің деп құлағына құюымыз керек. Күндіз-түні, әрбір ақпарат құралынан ымырасыз пропаганда жүргізуіміз керек!» – деп атап өтті қауымдастық төрағасы.

Смағұлдың пікірінше, қатаң жазамен бірге, тәрбие жұмыстары қоғамда есірткіге қарсы күрестің маңызды бөлігі болып қалуы керек. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықты нығайту және мұғалімдердің қатысуымен кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын қолға алу қажет.

«Үрейлісі сол, закладчиктердің шамамен 55%-ы – 18 бен 35 жас аралығындағы жас ұрпақ өкілдері. Сондықтан олардың арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Қажет болса, топ-тобымен түрмелерге, бас бостандығынан айыру орындарына апарып, қандай жаза болатынын көрнекті түрде паш ету керек,» – дейді Бақытбек Смағұл.

Сонымен қатар, ол елімізде есірткі таратушылардың заманауи құралдарды пайдалануына қарсы «Таргетинг орталықты» құру ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Мұндай шаралар есірткі бизнесіне тосқауыл қойып, Қазақстан жастарының болашағына сенімді болуға мүмкіндік береді деп санайды.

Серіктес жаңалықтары