Қазақстанда 1 қарашадан бастап қандай өзгерістер болады?

Аягөз Құрмаш

Тұрғындарды қоғамдық көлікке бір айлық тариф пен электр энергиясының қымбаттауы күтіп тұр

Қазақстанда 1 қарашадан бастап қандай өзгерістер болады?
Фотоколлаж/Әбілқасым Есентаев

Биыл 1 қарашадан бастап елімізде қандай өзгерістер болатынын Azattyq Rýhy әзірлеген шолудан оқи аласыздар.

Әуежайларда тексерушілер электрондық құжат қабылдайды

Қазақстан әуежайлары мен вокзалдарында цифрлық паспорт пен жеке куәлік жарамды болады.

Көлік министрлігі қағидаларды «Ақпараттандыру туралы» заңның 1-бабы 55-4) тармақшасына сәйкестендіру мақсатында бұйрық жобасын әзірлеген. Оған сәйкес, әуежай мен вокзалда тексерушілерге бұрын цифрлық форматқа ауыстырылған қағаз құжаттарды талап етуге тыйым салынады.

«Бұйрықты қабылдау көлік инфрақұрылымы объектілеріне келетін жолаушыларға олардың жеке басын куәландыру кезінде цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты пайдалануға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді министрлік.

Бұйрық жобасы 11 қарашаға дейін қоғам талқысына шығарылған.

ІІМ анықтама беру бойынша жаңа мемлекеттік қызмет көрсетеді

«Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша Мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №267 бұйрығына өзгерістер енгізу ұсынылады.

Құжатқа сәйкес бұйрықты «тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы (болмауы) туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен толықтыру ұсынылады.

Анықтама алу үшін eGov электрондық үкімет сайтына жүгіну қажет. Мемлекеттік қызметтер тегін көрсетіледі.

Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар, жеке куәліктер беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын дактилоскопиялық тіркеу көрсетілетін қызметті алушының келісімімен жүргізілетіні туралы нормамен толықтыру ұсынылады.

Автокөліктер қысқы дөңгелекке ауыспаса, айыппұл төлейді

Заң бойынша 1 желтоқсанға дейін қысқы маусымға дайындықты бастау қажет. Яғни, 30 қараша - еліміздегі барлық автокөліктің дөңгелек ауыстыратын соңғы күні. Олай болмаса айыппұл салынады. Бұл айыппұлдың ең төменгі мөлшері - 5 АЕК, егер бір жыл ішінде жүргізуші осындай заңбұзушылықты қайта жасаса, онда айыппұл 10 АЕК-ке дейін артады.

Қоғамдық көлікке бір айлық тариф алуға болады

Елордада 1 қарашадан бастап экспресс-бағдарларда айлық тариф енгізіледі. Оны 16 қазаннан бастап CTS кассалары және kaspi мобильді қосымшалары арқылы сатып алуға болады.

Экспресс-бағдарларға келесі айлық жол жүру тарифтері жарамды:

«Қала+Экспресс» - 10 000 тг.

«Қала+Экспресс+Қала маңы» - 13 500 тг. 

«Жол жүру құны 250 теңгені құрайды. Мектеп және жеңілдікті көлік карталары жарамды», -  деп хабарлады CTS баспасөз қызметі.

Сұйытылған мұнай газын экспорттауға тыйым салу ұзарады

Энергетика министрлігі «Сұйытылған мұнай газын тасымалдаудың кейбір мәселелері туралы» бұйрық жобасын дайындады.

Сұйытылған мұнай газын экспорттауға тыйым салу 2024 жылдың 14 қарашасынан бастап күшіне енеді деп жоспарланып отыр.

Құжат 23 қазанға дейін қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» сайтында орналастырылды.

Бұған дейін газды экспорттауға тыйым салу Энергетика министрлігінің 2024 жылғы 2 мамырдағы бұйрығымен енгізілген болатын. Оның мерзімі 2024 жылдың қарашасында аяқталады, сондықтан ішкі нарықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету үшін экспортқа тыйым салуды тағы 6 айға ұзарту жоспарланып отыр.

Кейбір өңірлерде электр энергиясы қымбаттайды

Бұйрық 2024 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енеді.

Энергетика министрінің 2024 жылғы 21 қазандағы бұйрығымен электр энергиясының шекті тарифтеріне өзгерістер енгізілді. 

Осылайша, 2024 жылғы 1 қарашадан бастап тарифтер өседі.

Олар:

  • бірінші топ (Б.Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1) – кВт/сағ үшін 8,05 теңгеден 8,27 теңгеге дейін;
  • екінші топ (Еуразиялық энергетикалық корпорация) – 7,40 теңгеден 7,98 теңгеге дейін;
  • тоғызыншы топ («Астана-Энергия» АҚ) – 8,49 теңгеден 9,28 теңгеге дейін;
  • 12-топ («Қазақстан алюминийі» АҚ) – 6,05 теңгеден 7,87 теңгеге дейін;
  • 18-топ («Степногорск ЖЭО» ЖШС) – 22,58 теңгеден 28,97 теңгеге дейін;
  • 28-топ («Жаңажолская ГТП» ЖШС) – 11,44 теңгеден 11,85 теңгеге дейін;
  • 39-топ («З-Энергоорталық» АҚ) – 13,79 теңгеден 15,09 теңгеге дейін;
  • 48-топ (ТНК «Қазхром» АҚ) – 7,59 теңгеден 10,67 теңгеге дейін.
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.