$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.10.2024, 11:52
Қоғам

Үкімет 2025 жылы әлеуметтік салаға 10 трлн теңгеге жуық ақша жұмсамақ

Әлеуметтік саланың шығыстары 862 млрд теңгеге ұлғаяды

Үкімет 2025 жылы әлеуметтік салаға 10 трлн теңгеге жуық ақша жұмсамақ
Фото: depositphotos.com

Келесі жылы елдің әлеуметтік қажеттіліктеріне бағытталатын қаражат 9,8 триллион теңгеге дейін артады. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, 2025 жылы түсімдер биылмен салыстырғанда 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 21,7 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Ал шығыстар кіріс пен тапшылықты ескеріп, 25,8 трлн теңгеге жетеді, яғни осы жылмен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып отыр.

«Бюджет өткен жылдардағыдай әлеуметтік бағдарланған болып қала береді. 2025 жылы әлеуметтік саланың шығыстары осы жылға қарағанда 862 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Оның бюджет шығыстарындағы үлесі 38%-ды құрайды», - деді Тәкиев Мәжілістің жалпы отырысында.

Бұл қаражат, ең алдымен, әлеуметтік қамтамасыз ету және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталады. Дәлірек айтқанда, 2025 жылы әлеуметтік төлемдер үшін индексация мен төлем алушылардың көбейетінін ескергенде, 6 трлн теңге қарастырылған.

Білім беруді дамытуға жұмсалатын шығыстар биылғы деңгейден 73 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңгеге жетеді.

Денсаулық сақтау жүйесіне 2025-2027 жылдарға арналған шығыстар 7,6 трлн теңгені құрайды, оның ішінде осы жылмен салыстырғанда 180 млрд теңгеге ұлғайып, 2025 жылға 2,4 трлн теңге қарастырылған. Жалпы, 2025 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне 1,6 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 675 млрд теңге, оның ішінде мемлекеттік жарналарға 668 млрд теңге көзделген.

Сонымен қатар, 2025 жылы туризм мен спортты дамытуға республикалық бюджеттен 141 млрд теңге, мәдениет пен ақпаратты дамытуға 165 млрд теңге көзделген.

Серіктес жаңалықтары