30 тонна ұн, 10 млн теңге, 2 баспана – мүфтияттың Мақтааралға көмегі
Жаңбыр суынан зардап шеккен Төле би ауданының тұрғындарына да көмек көрсетіледі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оңтүстіктегі тасқын судан зардап шеккен елдімекендерге мүфтият тарапынан қандай көмек жасалатынын айтты.
Бас мүфти биылғы Рамазан айы карантин жағдайында өтіп жатқанына қарамастан, қайырымды жандар жақсылық жасаудан қалыспаған деді.
«Карантин сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан көмекке мұқтаж 100 мыңға жуық адамға қайырымдылық жасалды. Ауызашар әлі күнге дейін тегін таратылады», - деді ол.
Бұдан өзге, діни басқарма «Зекет» қайырымдылық қоры мен облыстардағы мешіттердің көмегіне сүйене отырып, оңтүстікте су басқан халыққа көмек жинаған.
Айта кетейік, 1 мамыр күні Өзбекстанның Сардоба су қоймасында дамба жарылып, Қазақстанның Мақтаарал ауданының бірнеше ауылын су шайып кеткен болатын. Ол аймақтан 31 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Ал, бірер күн бұрын Төле би ауданында нөсер жауын жауып, сел жүрген еді.
«Біз Рамазан айындағы игі жұмыстармен шектелмей, Мақтаарал ауданындағы жерлестірімізге әр облыстағы мешіттердің қолдауымен азық-түлік тиелген жүк көліктерін жібердік. Қаржылай да қолдау көрсеттік. «Зекет» қорының ұйымдастыруымен, облыстағы мешіттердің қолдауымен 10 млн теңге қаржылай көмек аудардық. Сонымен қатар, 30 тонна ұн жеткіземіз. Алла қаласа, 18 мамырда Мақтаарал ауданындағы баспанаға аса зәру екі отбасыға екі үйдің кілтін табыстаймыз», - деп хабарлады бүгін бас мүфти.
Наурызбай қажы Төле би ауданында тасқын судан зардап шеккен жерлестірімізге көмек қолын созуды жоспарлап отыр.
Бас мүфти сөзін қорытындылай келе, оңтүстік халқына төзім тіледі және «әрбір қиындықтың артынан бір жақсылық болады» деп, сабырға шақырды.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан