«Зауыт-фабрика жоқ деп апта сайын тойға барасыздар»: журналист қоғамдағы үрдістің кемшілігін айтты
Ол Қытайда тұратын қазақ жігітпен әңгімелескенін айтты
Журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында елімізде болатын орынсыз тойлардың көптігін айтып, соңғы жылдары қалыптасқан үрдістің кемшілігін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Елге келген екі күнде 10-ға жуық той-томалаққа шақырту алдым. 70 жастан бастап, зейнетке шығу, 50 жас, үйлену той, құдалық, қыз ұзату, Ай-хой 45, сүндет той, 60 жас, шілдехана, тіпті, есік-төр көру де той болыпты. Бұдан бөлек, ас пен құдай тамақ, қырық күн, қайтқан адамның 20 жылдығына орай еске алу да бар.
Өткенде Қытайдағы сапардан жазамын деген өзекті 2 тақырыбымның бірі осы еді», - дейді Гүлмира Әбіқай.
Ол сөзін жалғай отырып, Қытайда тұратын жергілікті қазақ жігітімен тілдескен сәтінен үзінді келтіріп өтті.
«Бізде тек үйлену тойы бар. Қызды өз туыстары, жақындары, құрбылары ұзатады. Ал бір адамның жаңа әулетке келіп, ел анасы болуы тойлауға тұрарлық. Қытай қазақтары екі жас қосылған үйлену тойды ғана жасайды, содан қалмауға тырысамыз. Басқа, туған күн мен бесік тойлар үйде жасалады. «Адамның туған күнін атап өту тек жақындарына арналады. Басқа уақытта біз жұмыс істейміз. Ал сіздер Қазақстанда біздегідей зауыт-фабрика жоқ дейсіздер, сонда да апта сайын тойға бара береді екенсіздер, иә?», - деді жергілікті қазақ жігіті.
Әрі жоқ, әрі иә дедім.
Қайта мен кейде іссапар мен сьемкада болып жарты тойдан қалып қоямын. Ал сіз бәріне барып үлгересіз бе?
Той жасама деп ешкімге шектеу қоя алмаймыз. Әр адам өз тапқан табысына орай қуанады. Бірақ жеке мерекелер һәм қырқынан шықпаған нәрестені тойхана ортасында шілде суға шомылдыру дұрыс емес шығар?» - деп жазады журналист.