Саран қаласын үш аптадай жылусыз қалдырған: жауапты шенеуніктер сөгіспен ғана құтылды

Автор: Аубакирова Нургуль

Қалада жылу беру маусымы 1 қазанда басталған

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қарағанды облысының Саран қаласында үйлерді жылумен қамтуға жауапты болған шенеуніктер жазаланды. Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алса, облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппарат кеңесінде мәлімдеді.

«Өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін, атап айтқанда, жылу беру маусымына дайындықты жеткіліксіз түрде бақылағаны үшін менің бірінші орынбасарыма ескерту түрінде тәртіптік жаза қолданылсын. Саран қаласының әкімі мен энергетика және ТКШ басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялансын. Қыс мезгілінде сапалы жылумен қамтамасыз ету біз үшін басым міндет екенін тағы да еске саламын. Жұмыс тұрақты түрде жүргізілуі керек! Әр жағдай бойынша қатаң баға беріліп, жауапкершілік дәрежесі анықталады», – деді өңір басшысы.

Саран әкімінің айтуынша, қазір барлық жергілікті қазандық штатты режимде жұмыс істеп тұр. Отын қоры жеткілікті.

«Кейбір үйлер бойынша қалалық чатқа түсетін сұрақтар жедел қаралады»,- деп сендірді Еркін Баулықов.

Саран тұрғындары қыс басталмай жатып жылусыз қалды

30 қыркүйекте Қарағанды облысында өткен аппарат кеңесінде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев, қалалар мен аудандардың әкімдері жылу беру маусымына дайындық аяқталғанын, барлық энергия көзі қысқы режимге көшкенін мәлімдеген еді.

Қарағанды облысында, соның ішінде Саран қаласында жылу беру маусымы 1 қазанда басталған.

Алайда араға екі апта салып Саран тұрғындары үйде жылусыз отырғанын айтып шағымдана бастады. Қаладағы орталықтандырылған жаңа қазандық қысқа дайын болмай шыққан. Жаңа қазандықтан ақау шығуына байланысты үйлер резервтік жылу көздеріне қосылды. Өңірдегі жағдаймен жақынырақ танысу үшін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Саран қаласына барды.

15 қазанда премьер-министр Олжас Бектенов Сарандағы қазандықтар қысқа дайын деп жалған ақпарат берген тұлғалар жазаланатынын мәлімдеген. Егер қылмыс құрамы анықталса, кінәлі адамдар қылмыстық жауапқа тартылатынын ескерткен болатын.

Арада үш аптадай уақыт өткенде, яғни 17 қазан күні ғана Саран қаласына жылу берілді.