Олигархтардан қайтарылған ақша: мұқтаж отбасыларға арнап көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр
Сонымен қатар мәдениет орталығының құрылысы басталды
Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтерден түскен қаражаттың 12 миллиард теңгесіне әлеуметтік жобалар жүзеге асырыла бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Биыл президент өз жолдауында «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның субъектілері әлеуметтік-мәдени нысандарды салуға атсалысуы қажет екенін атап өткен.
«Осылайша реестр субъектілерімен 12 млрд теңгеге әлеуметтік жобаларды іске асыру жөнінде 4 келісімге қол қойылды», - деп мәлімдеді Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитеті.
Олигархтардан қайтарылған ақшаға бой көтеретін нысандардың бірі – Алматы қаласындағы заманауи мәдениет орталығы. Оның ауданы 3 мың шаршы метрден асады, арнайы залдары мен әмбебап көрме алаңдары, білім беру және демалыс орындары болады. Орталық іске қосылғаннан кейін жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тегін репетициялар мен шеберлік сабақтары өткізіледі деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Баспана мемлекет меншігіне өтеді және мұқтаж отбасыларға беріледі.
Естеріңізге салайық, 17 қазанда президенттің қабылдауында болған премьер-министр Олжас Бектенов жыл басынан бері комиссия 450 млрд теңгеге жуық активтерді қайтару жөніндегі келісімдерді мақұлдағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, мемлекетке 265 млрд теңгені құрайтын активтер, соның ішінде ақшалай 177 млрд теңге қайтарылды.