Антикордың назарына іліккен министрліктің лауазымды тұлғасы қызметінен шеттетілген
Тергеу жүріп жатыр
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы қызметінен уақытша шеттетілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұған дейін Kozachkov offside Telegram-арнасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы пара алды деген күдікке ілінді деп жазған еді.
Бүгін үкіметте журналистер министрден осы ақпараттың анық-қанығын сұрады.
«Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жүріп жатыр. Нәтижесі туралы қосымша хабарлаймыз. Әзірге бізде де ешқандай ақпарат жоқ», - деп жауап берді Сапаров брифингте.
Министр Антикордың назарына іліккен қызметкері уақытша жұмыстан шеттетілгенін атап өтті.
БАҚ өкілдерінің «егер комитет төрағасының үстінен іс қозғалғаны расталса, отставкаға кетуге дайынсыз ба?» деген сұрағына Сапаров «сот үкімінен кейін заң аясында шешім қабылданады» деп қысқа қайырды.