Адамның рухани болмыс-бітімі: тәрбие, мәдениет және қоғам рөлі
Заманауи қоғамдағы рухани құндылықтардың жағдайы күрделі әрі өзекті мәселе болып саналады
Бүгінгі жаһандану заманында және материализмнің үстемдігі жағдайында, рухани, ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Заманауи өмірдің материализмге бейімделуі, рухани аспектілердің еленбеуі мен азаюы, кейбір халықтардың мәдени мұрасын, дәстүрлерін және өзіндік ерекшеліктерін жоғалтуына әкелуі мүмкін. Azattyq Rýhy бұл мақалада рухани құндылықтардың маңызы, олардың адам өміріндегі рөлі және заманауи қоғамдағы орны, сол сияқты осы бағытта Ақмола облысында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы қозғайды.
Өскелең ұрпақ әлемді зерттеуге, жаңа нәрселерді үйренуге, тәжірибе жинауға ынталы келеді. Міне осындай шақта оларға дұрыс тәрбие беріп, оң жолға нұсқап жіберсе, елдің тізгінін ұстап, қиын шақта алға сүйрейтін азаматтар қалыптасатыны анық. Бұл ретте халқымыздың ұлттық құндылықтарын, мәдени мұраларын бала бойына сіңіруі маңызды.
Заманауи қоғамдағы рухани құндылықтардың жағдайы күрделі әрі өзекті мәселе болып саналады. Материализм мен жаһандану бұл құндылықтарға, сонымен қатар қоғамның құрылымын, мәдениетін және адамдар арасындағы қарым-қатынастарға елеулі әсер етеді. Әртүрлі мәдениеттердің ықпалы қоғамдағы рухани құндылықтарға әсер етеді. Бұл оң және теріс жақтарымен қатар жүреді: бір жағынан, жаңа идеялар мен көзқарастар пайда болса, екінші жағынан, дәстүрлі құндылықтар жоғалуы мүмкін.
Сол сияқты әлеуметтік желілер мен интернет ресурстары адамдардың өзара қарым-қатынасын жеңілдетсе де, кейде теріс әсер ететіндігін көрсетіп отыр. Адамдар виртуалды әлемге бейімделіп, шынайы қарым-қатынастарды елемей жатады.
Көптеген қоғамдар экономикалық өсуді, байлық жинауды және сыртқы жетістіктерді рухани құндылықтардан жоғары қояды. Салдарынан, дәстүрлі құндылықтар, өнер, әдебиет және философия екінші орынға түсіп, адамдардың рухани әлемі тарылады. Ал рухани құндылықтар адамның өмірінде ерекше маңызға ие, себебі олар тұлғаның ішкі әлемін, мінез-құлқын және әлеуметтік байланыстарын қалыптастырады.
РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ АДАМ ӨМІРІНДЕГІ МАҢЫЗЫ
Біз осы тұста ең алдымен рухани құндылықтардың анықтамасына, түрлеріне тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз.
Рухани құндылықтар – адамзат мәдениетінің, дәстүрлерінің және этикалық нормаларының негізі, сол сияқты адамның ішкі дүниесі мен өмір сүру мақсаттарын анықтайтын, оның моральдық, этикалық және эстетикалық нормаларын қалыптастыратын негіздер. Сонымен қатар, әрбір жеке тұлғаның және қоғамның дамуына үлкен әсер етеді, рухани байлық пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастырады.
Олар адамның өміріндегі маңызы, дүниетанымы, және әлеуметтік қатынастарында көрініс табады. Рухани құндылықтарға мыналар жатады:
- Адамгершілік: адалдық, мейірімділік, әділдік, сыйластық сияқты қасиеттер.
- Сенім: діни немесе философиялық сенімдер, адамзатқа деген сенім.
- Тәртіп: жеке тұлғаның өзін-өзі ұстауы, жауапкершілік, тәртіп сақтау.
- Мәдениет: өнер, әдебиет, дәстүрлер мен рухани мұралар.
- Өмірдің мәні: өмірдің терең мағынасы мен мақсатына деген көзқарас.
Рухани құндылықтар адамға өмірдегі қиындықтарды жеңуге, ішкі тыныштыққа, бақытқа жетуге, және айналасындағы әлеммен үйлесімді болуға көмектеседі.
НЫҒАЙТУ ЖОЛДАРЫ
Рухани құндылықтарды нығайту қоғамның тұрақтылығы мен адамгершілік негіздерінің қалыптасуы үшін маңызды. Бұл үрдісті жүзеге асырудың бірнеше жолы бар. Олардың арасында мәдени шаралардың орны ерекше. Ақмола облысының Мәдениет басқармасы осы тақырыпта түрлі іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді. Соларға тоқталып өтейік.
Жуырда облыс орталығы Көкшетау қаласында орналасқан Үкілі Ыбырай атындағы филармонияның сахнасында қазақ халқының танымал тұлғаларының бірі, ақын әрі әнші Мұса Асайыновтың шығармашылығына негізделген «Асқақ әнші, ақтаңгер ақын» атты кеш өтті. Рухани-танымдық кеш ақынның 95 жылдық мерейтойына арнап ұйымдастырылды.
Ақмола облысының әкімдігі мұрындық болған бұл кеш әйгілі музыкатанушы Сәрсенбай Хасеновтің авторлық жобаларының бірі ретінде ұйымдастырылды.
Кеш барысында суырып салма ақын Мұса Асайыновтың өмір жолы мен шығармашылығы, сондай-ақ оның қазақ поэзиясы мен музыкасына жасаған үлесі туралы әңгіме қозғалды.
Рухани кеште филармония солистері даңқты тұлғаның шығармашылығын қойып, көрермен қауымға ақынның әндерімен, жазған туындыларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Облыс әкімдігі өткізген іс-шараға ақынның қызы Фатима Мұсақызы, шәкірті әрі ақын Күләш Рахымжанова арнайы келіп, лебіздерін білдіріп қана қоймай, естеліктерімен бөлісті. Біртуар тұлғаның ұлы Еркін Мұсаұлы әкесінің «Ер Көкше» әнін, ал ізбасары болған Ұлан Қазымбек «Білмеген дос көңіл жаралайды» әнін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, Қосшы қаласында да рухани құндылықтарды нығайту мақсатында бірнеше маңызды шара қолға алынған. Қаланың діни және мәдени мекемелері түрлі рухани-мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, жастарды отансүйгіштікке, толеранттылыққа және адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуге бағытталған бағдарламалар жүргізілуде. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында ұлттық және рухани тәрбие беретін арнайы сабақтар мен кездесулер өткізілуде. Қосшы қаласындағы жергілікті тұрғындар үшін мәдениет үйінде ұлттық өнерді дәріптейтін көрмелер мен театр қойылымдары ұйымдастырылып, тарихи-мәдени ескерткіштер мен жергілікті мұражайларды таныстыру жұмыстарын күшейту қолға алынған. Қосшы қаласы азаматтардың рухани дамуына ықпал ететін түрлі діни және мәдени бастамаларды қолдап, қоғамның бірігуі мен мәдени сананың өсуіне назар аударып келеді.
Бұдан бөлек, адамның рухани болмысының нығаюына, халқымыздың салт-дәстүрлерін сіңіруде айтыстың орны ерекше. Өткен аптада Ақмола облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Абылай ханның ордасы тігілген, Арқаның алты алашынан ән оздырған сал-серілер — Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайға тарихи мекен болған киелі Көкше жерінде, Қазақстанның халық ақыны, ақын және Жыршылар одағының президенті, қазақ ақындарының көшбасшысы атанған Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына орай айтыс өнерін насихаттап, дамыту мақсатында «Көкшенің көк семсері Көкен ақын» атты халықаралық аламан ақындар айтысы өтті. Халықаралық деңгейде өткен іс-шара Қазақстан мен Қырғызстанның айтыскер ақындары, дәстүрлі әншілері және жыршы-термешілері арасындағы таланттарды анықтауға бағытталды.
Бұл шара қазақ пен қырғыз халқының әдеби мұрасын біріктіріп, рухани байлығын арттыру, сондай-ақ екі ел арасындағы достықты нығайту мақсатында Сүйінбай мен Қатаған, Османқұл мен Кенен, Жамбыл мен Тоқтағұлдың мұрасын жалғастыру үшін ұйымдастырылды. Суырып салма ақындық өнерді кеңінен насихаттап, дамыту басты мақсат болды.
Жыр додасында Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Мұхамед Қонқаев, Нұрлан Есенқұлов, Аспанбек Шұғатаев секілді қазақтың танымал ақындары көрші Қырғызстаннан келген Амантай Кутманалиев, Азамат Болгонбаев, Кубат Тукешов, Нурсултан Малдыбаев және Жамайка Токонова сынды жүйріктермен айтысты.
Қазылар алқасының құрамында Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениет пен өнер қайраткерлері болды. Алқаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, сондай-ақ Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман басқарды.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған айтыста ақындар мен көрермен қауымды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтай отырып, жыр додасы екі елдің егемендік жылдарындағы жетістіктерін, халқымыздың бай мәдени мұрасын және ұлттық өнерімізді дәріптеуге арналғанын атап өтті.
«Қасиетті Көкше жерінде басталған қазақ және қырғыз ақындарының өнер бәйгесі болашақта екі бауырлас елдің халқын одан әрі жақындастырып, рухани мұрамызды сақтау ісіне ықпал ететін елеулі оқиғаға айналады. Төл мәдениетіміз бен өнеріміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бауырлас қазақ пен қырғыз халқының мәдениеті дами берсін», – деп Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ізгі тілегін жеткізді.
Ақындар айтысында елдің үлкен жетістіктері мен табыстары әдемі ұйқастар арқылы өрбіді. Көтерілген маңызды мәселелер мен қыз бен жігіттің әзіл-қалжыңы көрерменге ерекше көңіл-күй мен рухани серпіліс сыйлады.
Өскелең ұрпақтың бойында елімізге, халқымызға деген патриоттық сезімін күшейтуде қазақтың ақын-жазушыларының өмірін, шығармашылығын насихаттаудың орны ерекше. Ақмола облысының Мәдениет басқармасы осы мақсатта түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Биыл қазақтың көрнекті қаламгері, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, драматург, публицист Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай өңі әкімдігі М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Сыр сандықты ашып қара...» тақырыбымен ақынның шығармашылығына негізделген әдеби кеш ұйымдастырды.
Әдеби кеште Сәкен Сейфуллиннің ақындық, азаматтық тұлғасы, әдеби мұрасы және тарихи орны туралы көпшілікке беймәлім қырлары айтылды. Студент жастар ақынның өлеңдерінен үзінділер оқып, оларға мазмұндық-идеялық талдау жасады.
Саяси қуғын-сүргін жылдары репрессияның құрбаны болған қаламгер, қысқа ғұмырында жемісті еңбек етіп, артында баға жетпес рухани мұра қалдырды. Сәкен Сейфуллиннің шығармалары жас ұрпақты тәрбиелеуде, рухани болмыс-бітімін қалыптастыруда маңызды рөл атқаруға мүмкіндік береді.
Сол сияқты жуырда мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің өмір жолына, атқарған еңбегіне негізделген «Қазақтың қайсар тұлғасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапхананың қолға алуымен өткен іс-шараға негізінен жастар қатысып, дара тұлғаның өмірімен жақынырақ танысты.
Жиын барысында Жұмабек Тәшеновтің республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына орасан зор еңбек сіңіргені ерекше аталып өтті. Сонымен қатар, тың өлкесіне біріктірілген еліміздің солтүстік өңірлерін Ресейге, ал Оңтүстік Қазақстанның нағыз мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шығып, жеріміздің тұтастығын сақтап қалуда сіңірген еңбегі жастарға кеңінен насихатталды.
Сонымен қаттар, биыл қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толып отыр. Даталы күнге орай республикалық ғылыми-тәжірибиелік конференция өткізілді. «Қазақ археологиясының атасы – Әлкей Марғұлан» атты жиында ғалымдар түрлі салалардағы ғылыми жетістіктер мен даму әлеуетін ғана емес, сол сияқты құнды жәдігер саналатын археологиялық ескерткіштерді сақтау мен қорғау жолдарын, тәсілдері мен шешімдерін айта келе тәжірибелерін ортаға салып, пікірлерін білдірді. Жиынға жастар қауымы арнайы шақыртылып, ғалымдардың ойын өз аузынан естіді.
Бұл іс-шара әлемдік мұраның алуан түрлілігі және оны қорғау мен сақтау үшін жұмсалатын күштер туралы көбірек ақпарат алуға мүмкіндік берді. Талқылаулар барысында тәжірибе алмасу жүзеге асып, саладағы өзекті мәселелер көтерілді.
Археологиялық жобалардың өзектілігі жастардың археологияны зерттеуі барысында тек теориялық біліммен шектелмей, іс жүзінде далалық тәжірибелер ұйымдастыруда, археологиялық орындарға экскурсиялар жүргізуде айқын көрінетіні айтылып өтті. Бұл процестер жастардың еліміздің өткенін танып-білуіне ықпал етеді. Археология мен тарихи өлкетанудың өзара байланысы жас ұрпақты туған өлкесінің тарихи-мәдени құндылығын түсінуге тәрбиелейді және олардың тарихи-мәдени ойлауын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жастар аумақтардың тарихи дамудағы байланысын, адамзат тарихын зерттеудің маңыздылығын түсінеді.
РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ БОЛАШАҒЫ
Қазақ халқының рухани ерекшелігі оның мәдениеті, дәстүрлері, сенімдері мен құндылықтарында терең көрініс табады. Ал мәдени құндылықтар қоғамның дамуына, адамдардың өмір сүру сапасына және әлеуметтік байланыстарына терең әсер етеді. Халықтың мәдениеті мен дәстүрлері адамның рухани әлеміне терең әсер етеді. Адамның рухани болмысының қалыптасуы – бұл көп қырлы және күрделі процесс. Тәрбие, мәдениет, дін, әлеуметтік орта – осының барлығы адамның ішкі дүниесіне, моральдық нормаларына және құндылықтарына әсер етеді. Рухани даму – адамның өзін-өзі тану, қоғамға қатысу және ішкі тыныштықты табу жолындағы маңызды қадам.
Қазақ халқында ата-баба рухын, ұлттық мерекелерді және салт-дәстүрлерді құрметтеу рухани болмыстың маңызды элементтері саналады. Ал Ақмола облысында жоғарыда айтылған мәдени іс-шаралар осы жолда үлкен әсерін тигізбек.
Сөз соңында айтарымыз, қазақ халқының рухани құндылықтары оның мәдениеті мен дүниетанымының тереңдігін көрсетеді. Дәстүрлер, ата-бабалар рухы, сөз өнері, табиғатпен үйлесім, дін және адамгершілік — бұл элементтер қазақ қоғамының рухани негізін қалыптастырады, және олар ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, халықтың бірлігін, ынтымақтастығын нығайтады.