$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Бәрі де қазақ халқына, қазақ жеріне риза»: қиын-қыстау кезеңде Қазақстан кімнің Отанына айналды

Дауд Мохаммед 29 жыл бойы Қазақстанда тұрып жатыр

«Бәрі де қазақ халқына, қазақ жеріне риза»: қиын-қыстау кезеңде Қазақстан кімнің Отанына айналды
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Республика күні 1995 жылы, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы басталған кезде тойланатын еді.  Бірақ, арадағы жылдарда бұл айтулы күн тасада қалды. Дегенмен, бұл мереке 13 жылдан кейін президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған реформалардың нәтижесінде күнтізбеге ұлттық мереке ретінде қайта тойланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстан қиын кезде елімізге қоныс аударған сан түрлі халықтың Отанына айналды деп айта аламыз. Себебі адамдардың тағдыры мен оқиғасы соны меңзейді. Соның ішінде 1995 жылы елімізге қоныс аударып, отбасы құрған азаматтар да аз емес. Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс ынтымақты ту етіп күн кешіп отыр. Алматыдағы «Ариана» ауған орталығы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Дауд Мохаммед та елімізге 1995 жылы қоныс аударған.

«Менің отбасымның тарихы Ауғанстанның Кабулынан басталады. Әкем Ауғанстанның мемлекет қайраткері, ал анам Кабул университетінде сабақ берді. Мен КСРО кезеңінде, 1989-1990 жылдары Ташкентте білім алам деп бел будым. Оқуды тәмамдаған соң Алматыға 1995 жылы келдім», - дейді Дауд Мохаммед.

Әкесі ерте қайтқан соң олардың отбасы Қазақстанға қоныс аударады.

«Менің әкем 1987 жылы өмірден өтті. Мен Алматыға қоныс аударған соң анам қарындастарыммен бірге Қазақстанға келді. 2004 жылға дейін осы жақта тату-тәтті күн кештік. Қарындастырмның алды осы жақта білім алды. Кейін анам мен қарындастарым Канадаға көшті. Себебі ол жақта да көп туысымыз болатын. Әрине, Қазақстанға туыстарымыз жиі келіп тұрады. Анам 3-4 жыл сайын елге міндетті түрде келеді. Менің кенже қарындасым Алматыда оқыды. Оның да достары көп, Қазақстанды жақсы көреді. Сондықтан жиі келеді», - дейді ол.

Мохаммед Даудтың отбасы да көп ұлтты. Жұбайы - Қазақстан азаматшасы. 

«1995 жылдан бері  Алматыда өмір сүріп жатырмын. 2000 жылы Қазақстан азаматына үйленіп, отбасы құрдық. Қазір біздің 4 баламыз бар. Екі қызымның біреуі Канадада, екіншісі Германияда білім алып жатыр. Үшінші қызым университетте, балам колледжде оқиды. Жұбайым да қоғамдық жұмыстармен, қайырымдылықпен айналысады», - дейді Дауд Мохаммед.

Ол Қазақстан оның екінші Отанына айналғанынайтып, ағынан жарылды.

«Біз Қазақстанды өте жақсы көреміз. Бір жерге 10 күннен артық уақытқа кетсем, Қазақстанға қайтқым келіп тұрады, сағынамын. Елімізде достарымыз да көп. Қазақ халқы  өте мейірімді, бауырмал, соның негізінде қарым-қатынас орнату да қиын емес. Қазақ халқына біздің мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз де өте жақын. Сондықтан да біз бір-бірімізді жылдам түсініп кете алдық деген ойдамын», - дейді ол.

Сарапшылар қазақ пен хазар тілінің ұқсастығы жайлы жиі айтып, салыстырып жататын кездерді байқайтынбыз. Екі тілдің рухани, мәдени сабақтастығы жайлы ауған бірлестігінің өкілінен сұрап білдік.

«Хазар тілі жайлы айтатын болсам, ол өте көне, ескі тіл. Ауғанстан, Тәжікстан мен Иран елдерінде хазар тілі бар. Ол көне тәжік тілімен араласып та кетті.  Ал тілдің бастапқы нұсқасы сақталмады деп айтуға болады. Ауғанстандағы хазарлықтар осы тілде сөлейді. Әрине, түркі тілінің сөздері болса, ол қазақ тіліне ұқсас келеді», - дейді Дауд Мохаммед.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы ауған диаспорасының тыныс-тіршілігі туралы да айтып берді.

«Ауған бірлестігі елде интеграцияланды. Жастардың барлығы осында дүниеге келген, олардың Отаны – Қазақстан. Ал егде жастағы адамдар Қазақстанды екінші отаны санайды. Біздің балаларымыз да өздерін қазақстандық қоғамның бөлшегі деп санайды. Қазақстан халқы ассамбелясының жұмысы аясында ауған бірлестігі су тасқыны кезінде халыққа  көмек көрсетті. «Мектепке жол» акциясына жыл сайын қатысып тұрады. Ауған этносы өзін қазақстандық қоғамның бір бөлшегі. Бәрі қазақ халқына, қазақ жеріне риза. Қиын-қыстау кезеңде осында келіп, туған үйін, отбасын тапты», - дейді Дауд Мохаммед.

«Ариана» ауған орталығы қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Мохаммед Дауд отандастарын келе жатқан Республика күнімен құттықтады.

«Республика күні – тарихи күн. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР-нің егемендігі туралы Декларациясы қабылданды. Бұл қазақ елінің тәуелсіздігін алуға жол салды. Құрметті отандастар, баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын. Мемлекет басшысы 2022 жылы осы мерекені ұлттық мереке етіп қайта жандандырғаны қуантады. Қазір бұл мереке байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде кең ауқымда тойланып жатыр. Елімізге бірлік пен ынтымақ тілеймін», - деп түйіндеді Дауд Мохаммед.

Серіктес жаңалықтары