БҚО-да жергілікті тұрғынды балағаттаған ауыл әкіміне сөгіс жарияланды
Белгілі болғандай, әкім мен тұрғын өзара сөзге келіп қалған

БҚО-да жергілікті тұрғынды балағаттаған ауыл әкіміне сөгіс жарияланды. Шенеунікке қатысты тәртіптік іс әдеп жөніндегі кеңесте қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мой город» басылымының жазуынша, Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдық округінің әкімі Жамбыл Дабысқалиевтің үстінен ауыл тұрғындарының бірі шағым түсірген.
Белгілі болғандай, әкім мен тұрғын өзара сөзге келіп қалған, жанжал барысында шенеунік ауыл тұрғынына қарсы дөрекі сөз айтқан. Отырыста ауыл әкімі кінәсін мойындады. Оның айтуынша, оқиға осы жылдың 1 қыркүйегінде Жаңабұлақ ауылында мектептегі жиналыстан келе жатқанында болған.
«Маған ауылда шөп таситын жүк көлігі жүргені туралы ақпарат келіп түсті. Алдында ауыл тұрғындары жаңа асфальтты бүлдірмес үшін жүк көліктерінің біздің ауылда жүруіне рұқсат бермеуді бірнеше рет сұраған. Сондықтан арнайы шлагбаум мен жол белгілерін орнаттық. Ауыр жүк көліктеріне айналма жол салынды. Соған қарамастан жүк көлігі ауылға кіріп кеткен. Мал азығын төмен бағамен - жеті мың теңгеден сатқаны белгілі болды. Бұл ауыл тұрғындары үшін, әрине тиімді. Бірақ бұл жағдай шөп сататын Есқалиев деген адамға ұнамай қалды. Ол да шөп алып келе жатқанын, сондықтан жүк көлігімен ауылға кіретінін айтты. Мен одан айналма жолды пайдалануды өтіндім. Оны бала кезімнен білемін, бірге өстік. Ол дөрекі сөйлей бастады. Сол арада куәгерлер де бар. Мен де шыдай алмай, айтарымды айтып тастадым», - деп түсіндірді әкім өз әрекетін.
Әдеп жөніндегі кеңес өкілдері кез келген жағдайда мемлекеттік қызметші өз эмоцияларын тежеп, арандатушылыққа бой алдырмауы тиіс екенін атап өтті.
Осылайша Жамбыл Дабысқалиев сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды.