$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.10.2024, 18:21
Қоғам

Пәтерді толығымен жөндеп тапсыруы қажет: Отбасы банк бастапқы жарнаны 10%-ға дейін түсіргісі келеді

Бұл мәселе құрылысшылар одағымен бірге пысықталып жатыр

Пәтерді толығымен жөндеп тапсыруы қажет: Отбасы банк бастапқы жарнаны 10%-ға дейін түсіргісі келеді
Фото: © istockphoto.com

«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы аясында үйді қара сылақ күйінде емес, толығымен жөндеп тапсыратын құрылыс компаниялары үшін бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендетуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін төмендету мәселесін пысықтап жатырмыз. Қазір Қазақстан құрылыс салушылары қауымдастығымен, құрылысшылар одағымен бірге тұрғын үйді толығымен дайын, яғни жөндеп барып тапсыратын компаниялар үшін бастапқы жарнаны төмендетуді ұсынып отырмыз. Сіздер білесіздер, мен бірде үйді қара сылақ күйінде тапсыру қазақстандық нарықтың ноу-хау инновациясы деп қалжыңдаған едім. Себебі біздің клиент пәтер үшін ипотека алғаннан кейін, қымбат жөндеу жұмыстары үшін тағы қосымша ақша іздейді», - дейді Ибрагимова Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.

Отбасы банк салымшылардың дайын үйге қоныс аударғанын қалаймыз дейді.

«Сол себепті біз 2025 жылдан бастап пәтерді толығымен жөндеп тапсыратын құрылыс салушыларды бастапқы жарнаны төмендету арқылы ынталандырамыз. Мейлі, ол қымбат болмай-ақ қойсын, бірақ біз әрбір адам ипотека мақұлданғаннан кейін қолына ыдыс-аяғы мен матрасын алып, бірден дайын үйге кіргенін қалаймыз», - дейді Ибрагимова.

Серіктес жаңалықтары