$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
17.10.2024, 17:46
Қоғам

Отбасы банк жоғары білім алғысы келетін қазақстандықтарға кредит беруді жоспарлап отыр

Несие қанша пайызбен берілетіні әзірге белгісіз

Отбасы банк жоғары білім алғысы келетін қазақстандықтарға кредит беруді жоспарлап отыр
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

«Отбасы банк» АҚ білім алғысы келетін азаматтарға болашақта кредит те береді. Бұл туралы Сенат кулуарында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, білім беру кредиттері «Келешек» ерікті жинақтаушы жүйесі аясында беріледі.

«Келешек» жобасы аясында тұтас бір жүйе құрылады. Адамдар Отбасы банкте балаларының біліміне ақша жинап қана қоймай, білім алуға кредит те ала алады. Әзірге несие пайызы қанша болатынын айта алмаймыз. Себебі білім кредиттері бойынша әлі жоба жоқ. Агенттік (Қаржы нарығын реттеу және дамыту – ред.) кредит беру функциясын қолдады, заңға енгізілген соң, өнім әзірлеуге кірісеміз», - деді Ибрагимова.

Ол Отбасы банк биылдан бастап білім беру депозиттерін аша бастағанын атап өтті.

«Статистика өте қызық: осыған дейін алты банк біраз жылдар бойы білім беру депозиттерін ашып келген. Олар осыған дейін небәрі 13 мың депозит ашқан. Ал бізде жарты жыл ішінде 48 мыңнан астам депозит ашылды. Яғни біздің салымшыларымыз баспанамен бірге балаларының білімін де ойлайтын қарапайым азаматтар», - дейді басқарма төрағасы.

Ибрагимованың айтуынша, AQYL депозиті теңгемен жылдық 12 пайызбен бес жылға ашылады. Пайыздық мөлшерлемесі тұрақты. Оған қоса 5 пайыз мемлекеттік сыйақы қосылады. Ал әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға тағы қосымша 2 пайыз беріледі.

Серіктес жаңалықтары