Қазақ тілі туралы әзілдеген Черчесов айыппұл арқалады
Федерацияда айыппұл 200 АЕК немесе 738 400 теңгені құрайтынын атап өтті
Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовке қазақ тіліне қатысты әзілінен кейін айыппұл салынды. Бұл туралы ҚФФ басшысы Әділет Барманқұлов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қателіктер бар, біз бұл туралы кеше ғана журналистермен сөйлестік. Черчесовтың әзілі, әрине, шектен шығып кетті. Мен онымен жеке сөйлестім, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен басымдылығын түсіндірдім. Біз онымен әңгімелесу түрінде жұмыс өткіздік. Оған айыппұл салынды», - деді федерация басшысы Әділет Барменқұлов.
Федерацияда айыппұл 200 АЕК немесе 738 400 теңгені құрайтынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Словенияменкездесуден кейінгі баспасөз мәслихаты кезінде «Пари Сен-Жермен» клубының формасымен отырған журналист жаттықтырушыға қазақ тілінде сұрақ қойған болатын. Формасына қарап Черчесов журналистен: «сіз француз тілінде сөйлеп отырсыз ба?» деп әзілдеген еді.
Осыдан кейін Туризм және спорт министрлігі федерациядан аталмыш жағдайға байланысты түсініктеме беруді талап еткен болатын.