«Қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны азаймай тұр»: депутат газ инспекциясын құру мәселесін көтерді
2014 жылы газ тұтыну қауіпсіздігін бақылау жергілікті атқарушы органдардың қарауына берілген
Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов газ жарылысынан қаза тауып, зардап шегушілердің саны азаймай отырғанын айтып, шара қолдануды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бүгінгі күні еліміздің 11 облысында және республикалық маңызы бар 3 қалада газ тарату жүйесі жұмыс істейді. Тұтынушылар арасында газды қауіпсіз пайдалану ережелері түсіндіріліп, профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатқанымен, жазатайым оқиғалар артып келеді. 2019-2023 жылдары аралығында газ пайдаланудан зардап шеккендердің саны 536 адам болса, оның 186-сы - адам өлімі. Мысалы, 2019-2022 жылдары жылыту кезеңінде Шымкент қаласы бойынша келіп түскен жазатайым оқиғалардың саны - 22, ал зардап шеккендер - 55 адам, оның ішінде өлім жағдайымен аяқталған 13 оқиға тіркелді. Сондай-ақ, 2021-2022 жылдары жылыту кезеңінде келіп түскен жазатайым оқиғалардың саны - 14, зардап шеккендер саны - 22 адам, оның ішінде өлім жағдайымен аяқталған 17 оқиға тіркелді», - деді ол.
Мәжіліс депутатының айтуынша, тұрмыстық баллондар мен газ тұтыну жүйелерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыру жөніндегі функциялар 2014 жылы жергілікті атқарушы органдардың қарамағына берілген.
«Бұл мүлдем жеткіліксіз. Бақылаушылардың саны да, бақылайтын, тексеретін базасы, керекті құралдары да жоқ, міндеттері мен жауапкершіліктері де белгіленбеген. Бұрынғы газ инспекциясы құрылмаса, қауіп-қатер азаймайды. Керекті қаржыға келсек, қираған ғимараттардың құны бұл шығыннан әлдеқайда көп. Адам қаупсіздігінен қаржы үнемдеудің керек емес екені сірә дә белгілі. Сондықтан, газ пайдалану қауіпсіздігін қадағалайтын және жауап беретін органды қарастыруды ұсынамын», - деді депутат Үкімет басшысы Олжас Бектеновқа жолдаған сауалында.