$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қоғамның бірлігінде жастардың рөлі ерекше – Тимур Жұмырбаев

Ол «Ассамблея жастарының» жобаларын мысалға алды

Қоғамның бірлігінде жастардың рөлі ерекше – Тимур Жұмырбаев
Фотоколлаж/Әбілқасым Есентаев

Қазақстандық қоғамның бірегейлігіндегі жастардың рөлі жайлы «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Жұмырбаев ой білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстандық қоғамның бірегейлігін Қазақстан халқын біріктіретін құндылық ретінде қарастыру аса маңызды. Сөзсіз, бұл жердегі басты құндылықтың бірі қоғамдық келісім мен халықтың бірлігі болып есептеледі. Бірлік, ынтымақ пен достықты, бейбітшілікті сақтау бойынша жұмыс Қазақстан халқы ассамбелясының барлық жобасының құрамындағы негізгі тетік. Меніңше, елдегі бейбітшілік пен ынтымақтасты сақтау міндеті барша қазақстандықтың мойнына артылған. Себебі елдегі тұрақтылық пен тыныштық әрқайсымызға керек. Тек Қазақстан халқы ассамблеясы мен азаматтық институттардың мойнына артылған мақсат емес екенін білген жөн. Елдегі келісім мен бейбітшілікті сақтау мәселесіне әрбір азамат күн сайын үлес қосады. Жалпы алғанда Қазақстан халқы ассамблеясы мен оның қарамағындағы «Ассамблея жастары» ұйымы этникаралық интеграциялық жобаларды жүзеге асырады», - дейді ол.

Тимур Жұмырбаевтың айтуынша, ұйым жалпы азаматтық құндылықтарды қалыптастыру жолында жұмыс істейді.

«Осы орайда жастармен жұмыс істеу аса маңызды екенін түсіну керек. Қазақстандық жастар үшін бірінші не екінші Отан деген түсінік жоқ. Біз үшін Отан біреу ол – Қазақстан. Сондықтан біз өз жобаларымыз арқылы алуандықтың бірлігі, әртүрлі бірақ ортақ тетікті қалыптастырамыз. Оны жастар арасында білім беруді арттыру мен әлеуметтік жағдайды жақсарту тетіктері арқылы кіріктіріп жатырмыз. Қазір ауылдық жерлерде ауқымды жұмыстарды істеп жатырмыз. Әрбір қазақстандық жасына, ұлты мен діліне, тілі мен дініне қарамастан мақсатқа жете алатынын көрсеткіміз келеді. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы ассамблесяның кадрлық саясатының қалыптасуы мен этникааралық қоғам ішінде көшбасшыларды әзірлеу іске асырылып жатыр», - дейді Тимур Жұмырбаев.

«Ассамблея жастары» төрағасының айтуынша, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін «Көшбасшылар мектебі» жобасы іске қосылған.

«Ол тек ассамблея жастарын ғана қамтымайды. Біз барынша көп жасты қамтуды көздеп отырмыз. Сол себепті де ауылдарда, этностардың көп шоғырланған жерлерінде дәрістер мен консультациялар өткізіп жатырмыз. Оның негізінде азаматтық тұтастық, қазақстандық қоғамның бірлігі жатыр», - дейді Тимур Жұмырбаев.

Ол жалпы азаматтық құндылықтарды жүзеге асыруда жастардың рөлі ерекше екенін айрықша қозғап өтті.

«Біз әрбір жас өз саласында білікті маман болып, өз халқы мен еліне үлесін қосу үшін жұмыс істеуіне атсалысамыз. Сондықтан да өзін-өзі дамыту, әлеуетін арттыру, білімін толықтыруға қатысты жобаларымыз баршылық. Ол кәсіби жастар үшін де, шығармашыл жастар үшін де маңызды. Ол жұмысшы жастар жылы қарсаңында өте үлкен маңызға ие. «Ассаблея жастары» жанынан мәдениет пен өнер саласында өзінің әлеуетін арттырып, дамытуға қолғабыс ететін жобалар өте көп», - деді Тимур Жұмырбаев.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мәдениет пен ұлттық құндылықтардан ажырамаудың маңызы туралы айтады.

«Балаларымыздың тәрбиесі мен мейірімділігіне алаңдасақ, оны балабақшалардан бастауымыз керек. Ол бірден дұрыс болып кететін дүние емес. Мәдениетті сіңіріп, кітап оқытып тәрбиелеуіміз керке. Отбасы хрестоматиясы осы тәрбиеге арналған еді. Тәрбиені отбасынан, ошақ қасынан, балабақша мен мектепте сіңірген бала болашақта жамандық істемейді», - деді Абзал Құспан.

Биылғы Ұлттық құрылтайдың отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық қоғамның тұтастығы мен алуандығы жайлы пікір білдірген болатын.

«Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз. Түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара береміз. Біз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз. Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді. Біз жасампаз халық болуымыз қажет. Оған әлеуетіміз толық жетеді. Сан ғасырлық тарихында қазақ мемлекеттігінің құрылымы талай рет өзгерді. Бірақ елдігіміздің тұғыры қашанда – берік, ұлтымыздың рухы – әрдайым асқақ. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға ұмтылуымыз керек. Өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білуіміз қажет. Сонда болашағы жарқын, қуатты мемлекетті бірге құрамыз», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің басты құндылығы бірлік пен ынтымақ екенін айтқан болатын. Президент халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленгенін жеткізеді. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отырғанын ерекше айтты.

«Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі. Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек», - деген еді Президент.

Серіктес жаңалықтары