Бұрынғы уақытты қайтару туралы петиция: сот мемлекеттік органның шешімін заңды деп тапты
50 мың қол жинаған петицияны жұмыс тобы қараған еді
Қазақстанда Л. есімді арыз беруші «бұрынғы уақытты қайтару туралы» петицияны қарау нәтижесін заңсыз деп тану туралы талаппен Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот іс құжаттарын зерделеп, мыналарды анықтаған: уақытты кері қайтару туралы петицияға 50 мың адам қол қойғаннан кейін, петиция үкіметтік деңгейде қарау үшін Сауда және интеграция министрлігіне тапсырылған.
Министрлік петицияны қарайтын жұмыс тобын құру үшін өтініш берушіге, Парламентке, мүдделі мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестікке жұмыс тобының құрамына кіретін кандидатураларды жіберуді сұрап, хат жолдаған. Парламент Мәжілісінің 2024 жылғы 14 маусымдағы хатымен жұмыс тобына қатысатын кандидаттар ретінде Е.Әбіл мен М.Әбенов ұсынылған. Министрдің 2024 жылғы 21 маусымдағы бұйрығымен петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының құрамы бекітіліп, депутат Е.Әбіл жұмыс тобы басшысының орынбасары болып тағайындалған.
Жұмыс тобы петицияны қарау бойынша 21 маусымда, 16 шілдеде және 2 тамызда үш отырыс өткізген. 2 тамыздағы отырыста бұрынғы уақытты қайтару туралы өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданған.
«Петицияны қарау нәтижесін заңсыз деп тану туралы талап-арызды қарау кезінде сот петицияны қарау тәртібі мен мерзімдерінің сақталуына ғана баға береді. Жұмыс тобының петицияны қарауы кезінде рәсім бұзылмағанына байланысты сот арызданушының талабын қанағаттандырудан бас тартты», - деп шешім шығарды қалалық сот.
Комиссия құрамын жасақтау кезінде қандай да бір заңбұзушылықтарға жол берілмеген.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге салайық, epetition.kz сайтында «Бұрынғы уақытты қайтару» деген атаумен петиция жарияланып, оған 50 мың адам қол қойған. Осылайша петиция тиісті мемлекеттік органның қарауына жолданған. Алайда петицияны қараған жұмыс тобы қазақстандықтардың өтінішін қанағаттандырған жоқ.